Шымкент шаһарының экономикалық әлеуеті жоғары – Мұрат Әйтенов

Аймақ
04.12.2020, 12:30

Соңғы екі жылда Шымкентте барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер айтарлықтай өсті

Шымкент шаһарының экономикалық әлеуеті жоғары – Мұрат Әйтенов

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің үшінші мегаполисінің дамуындағы басты өзгерістер туралы айтып берді

Оның айтуынша, соңғы екі жылда Шымкентте барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер айтарлықтай өсті. Бұл ретте кәсіпкерлік, өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзгерістер ерекше байқалады.

Мысалы, өнеркәсіп өнімінің көлемі 319-дан 523 млрд теңгеге дейін өсті. Белсенді кәсіпкерлердің үлесі 71-ден 88%-ға дейін артты. Шымкент шаһары республикалық мәртебеге ие болған сәттен бастап 1 трлн теңге жаңа инвестиция тартылды. 1,3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаланың бюджеті 3,5 есеге ұлғайып, 455,5 млрд теңгеге жетті.

Өнеркәсіп – қала экономикасының негізін құрайтын сала. Қазір Шымкентте өндірістік инфрақұрылымы бар 3 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Жақын арада тағы екі агро-индустриялық аймақты іске қосу жоспарлануда, онда ауданы 136 га заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені және «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағы құрылатын болады, онда биоқоспалары бар концентрацияланған құрама жем өндірісі, сүт зауыты, ет, жеміс пен көкөністерді қайта өңдеу кәсіпорындары орналасады.

Айта кету керек, Шымкент өзінің болашағын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен және АӨК саласындағы логистикамен тығыз байланыстырады. Өйткені, қала аграрлық аймақтың орталығы болып табылады. 2020 жылы мегаполис тұрғындары АӨК саласында 30,7 млрд теңгенің өнімін өндірді. Салаға тартылған инвестициялар көлемі 7 млрд теңгені құрады, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 2 есеге жуық артық.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте төрт жол торабында орналасқан, ауданы 92 гектар болатын сауда-логистикалық аймақ құрылды, онда өсімдік және мал шаруашылығы өнімдері сақталады және таратылады. Қазір мұнда екі компания жұмыс істейді. Сонымен қатар, тағы үш логистикалық орталық салынуда.

«Қалаға жаңа мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қоймас бұрын Елбасы Шымкент еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің даму орталығына айналатынын атап өтті. Бүгінгі таңда бұл тарихи шешім қаламыздың болашағы үшін үлкен мүмкіндіктер ашты. Біздің міндетіміз - экономиканы қарқынды дамыту және халыққа қолайлы жағдай жасау», - деп атап өтті мегаполис әкімі.

2025 жылға қарай әкімдік жалпы өнімдегі ШОБ үлесін 35%-ға, ал жұмыспен қамтылғандар санын 4 миллион адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Осыған байланысты 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» аясында кәсіпкерлікті қаржыландыру 2 есеге, яғни 5,4 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 90 жобаны іске асыруға тағы 1 млрд теңге бөлінді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті қаржыландыруға 35,6 млрд. теңге мақұлданды, сонымен қатар, қаланың шағын және орта бизнесіне Екінші деңгейлі банктерден 35 млрд. теңге көлемінде несие бөлінді.

Бұл ретте инвестициялар көлемі де өсіп келеді. Осы жылдың 10 айында қала экономикасына 223,4 млрд теңге тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 54%-ға көп. Президенттің тапсырмасы бойынша инвесторлар пулы қалыптастырылды және 1,4 трлн теңгеге 157 инвестициялық жобаның базасы әзірленді.

Қалада бизнесті дамыту үшін ең қолайлы жағдайлар жасалған. Осылайша, Шымкент экономикасының өсімі ұзақ жылдарға қамтамасыз етілген деп сеніммен айтуға болады.

Қазір мегаполисте 72 мыңнан астам бизнес субъектісі, оларда 160 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жалпы өңірлік өнімдегі ШОБ үлесі 28,4%-ды құрайды.

Пандемия жағдайында 26 мыңнан астам кәсіпкер салықтан босатылды, қаржылық жағдайын қалпына келтіру үшін 1,5 мың кәсіпкерге 13 млрд теңге несие бойынша төлем жасауде кейінге шегеру ұсынылды.

Айта кетсек, ТЖ кезінде табысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлемдер төлеу жұмыстары жүргізілді. 430 мыңға жуық адам 26 млрд теңге, 17 мың адам коммуналдық қызметтер үшін өтемақы алды.

«Біз мемлекеттік қызмет көрсету ісінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұстанамыз. Әлеуметтік мәселелерді жедел шешу үшін «iKomek» 109 байланыс орталығы іске қосылды, ол 24/7 режимінде жұмыс істейді», - деп толықтырды М.Әйтенов.

Сондай-ақ, брифинг барысында М.Әйтенов эпидемиялық жағдай және мегаполистің коронавирустың жаңа толқынына дайындығы туралы хабарлады.

«24 наурыз бен 16 қараша аралығында COVID-19 вирусының 5292 жағдайы тіркелді. Біз үш сценарий бойынша коронавирустың ықтимал толқынына дайынбыз. Ол үшін 5416 жатар орын ұйымдастыру мүмкіндігі бар.

Қалада жалпы қуаттылығы күніне 3550 тест қабылдайтын 9 ПТР-зертхана, 19 компьютерлік томография аппараты, 3 оттегі станциясы бар. Сұйық оттегіге арналған 9 резервуар орнатылады. Өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарының саны екі есеге – 612-ге дейін ұлғайтылды, 100 жаңа жедел медициналық көмек көрсету көлігі сатып алынды, автопарк толық жаңартылды. Қоңырауларды қабылдау қуатын арттыру үшін жаңа call-center іске қосылды», - деді әкім.

Сонымен қатар, М.Әйтеновтың айтуынша, медициналық ұйымдарда COVID-19-ға қарсы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың екі айлық қоры, ал қала дәріханаларында коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің қоры 1,7 млрд теңгеге қалыптастырылған.

Сұхбат

PhotoRoom