Шымкент: Кітап фестивалі қорытындыланды

Аймақ
06.12.2020, 14:41

Осы күндер ішінде Көрме орталығына 2500-ден астам оқырман жиналды

Шымкент: Кітап фестивалі қорытындыланды

Мегаполистің мәдени өміріндегі айтулы іс-шаралардың бірі болған Кітап фестивалі бүгін өз мәресіне жетті.

Шымкент қаласының кітапсүйер қауымын біріктіріп, бір аптаға созылған Кітап мерекесі қала тұрғындарының көңілінен шыға білді.

Осы күндер ішінде Көрме орталығына 2500-ден астам оқырман жиналды.

Фестиваль алаңшасында арнайы ашылған «Оқырман бұрышы» 5 күн бойы қаламыздың ақын-жазушылары Мархабат Байғұт, Күлия Айдарбекова, Момбек Әбдіәкімұлы, Сая Қасымбек, Абай Қалшабек, жас ақындар Қуат Дәуренұлы, Дәурен Айманбет, Сүндет Сейітов, Арайлым Мұратәлиева, Ақбота Бейбітбек, Таңшолпан Имантай оқырмандармен, қала жастарымен кездесті.

Өңірдің архив ұжымы «Майдангерлер ұрпағы және естеліктер» кездесуін ұйымдастырды.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының баспа үйлері, кітап дүкендері, кітапханалары оқырманмен ашық диалог құрып, пікірлесу алаңшасында кездесулер өткізіп, өз өнімдерімен таныстырды. «Қазақ университеті», «Фолиант», «Книжный клуб», «Жебе», «Қызмет газеті», «Шұғыла кітап», «Қасым» баспа үйлері, М. Әуезов атындағы ОҚУ-інің орталығы мен, «Эрудит», «Қазына» кітап дүкендері мен Шымкент қаласының кітапханалары апта бойы қала тұрғындарына мазмұнды сағаттар мен құнды мәліметтер берді.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған "Балаларға базарлық" акциясы да жақсы нәтиже көрсетті.

Алтын сандыққа зиялы қауымынан бастап, қарапайым тұрғындарға дейін ең азы бір кітаптан салды. Жиналған 350 кітапты Шымкенттің ерікті жастары кітап алуға мүмкіндігі аз отбасыларына қолма-қол таратып, тарту ететін болады.

Көпшілікті, балалар мен жастарды біліммен сусындатып, рухани нәр беретін КІТАП мерекесі белсене ат салысқандарды Шымкент қаласының бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан алғыс айтып, марапаттады.

 

Тегтер:
Шымкент

Сұхбат

PhotoRoom