Ақтөбелік шенеунік Қаржы министрлігін сотқа берді

Аймақ
07.12.2020, 10:14

Ол 2019 жылдың сәуірінде алаяқтық жасады деген күдікпен қамауға алынып, кейін ақталып шыққан

Ақтөбелік шенеунік Қаржы министрлігін сотқа берді
фото: instagram.com/aktobe_times/

Ақталып шыққан ақтөбелік шенеунік Жанаргүл Дүйсекенова ҚР Қаржы министрлігінің үстінен сотқа арыз берген. Сот ісі қалалық сот өндірісінде пайда болды. Бұл туралы aktobetimes.kz хабарлайды.

Басылымның хабарлауынша, Дүйсекенова заңсыз қылмыстық қудалау үшін моральдық зиянды өтеу ретінде 2 миллион теңге талап етіп отыр екен. Ал, азаматтық істі қарау аяқталуға жақын.

Ақтөбе әкімдігінің тұрғын үй бөлімінің бұрынғы басшысы Жанаргүл Дүйсекенова 2019 жылдың сәуірінде ол қызметтік жағдайын пайдаланып алаяқтық жасады деген күдікпен қамауға алынды.

Кейін сотта Дүйсекенованың кінәлі емес екені анықталып, ол ақталып шықты. Қызметке қайта оралған Дүйсекенова жұмысқа мәжбүрлі түрде бара алмаған уақыты үшін жалақысын өндіруге арыз берген. Ол соңғы айларда Ақтөбе қаласының экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары болып жұмыс істеп келеді.

Еске салайық, бұрынғы бөлім басшысы Жанаргүл Дүйсекенова бір жылдан астам уақыт бойы қылмыстық қудалауда болған. Оған 50 адамды алдады деген айып тағылып, жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 87 миллион теңгені құрады.

Сұхбат

PhotoRoom