Алматыда сәбиін өлтірді деп айыпталған британ азаматына қатысты сот үкімі шықты

Аймақ
22.12.2020, 13:04

Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді

Алматыда сәбиін өлтірді деп айыпталған британ азаматына қатысты сот үкімі шықты

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында InterContinental қонақүйінде өзінің бір жарым жасар қызын өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты.

42 жастағы Ұлыбритания азаматы Баракат Мохамед қонақүйде қызын өлтіргені үшін айыпты деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол 5 жылға Қазақстан Республикасы территориясынан аластатылады.

Қылмыстық процесс онлайн форматта өтті. Істі судья Бақытжан Бәкірбаев қарады. Сотталушы Мохамед Баракат адвокатпен бірге тергеу изоляторының ғимаратынан Zoom бағдарламасы арқылы сот отырысына қатысты. Сондай-ақ, отырысқа аудармашы және жәбірленуші тараптың өкілдері – Баракаттың әпкелері де қатысты.

Еске салайық, 2019 жылдың 24 қазанында Алматыдағы InterContinental бес жұлдызды қонақүйінде 1,5 жасар София есімді қыздың қаза тапқаны туралы хабарланды. 

Полиция істің қалай жүргізіліп жатқаны туралы жария еткен жоқ. Бастапқыда ер адам баланы ұрып өлтірді деген хабар тарады. Оқиға орнына шұғыл жеткен дәрігерлер сәбидің жүрек соғысын қалпына келтіргенімен, ол көп ұзамай Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығында көз жұмды. Кейінірек Мохамед Баракаттың әйелі бір жарым жастағы сәбиінің жазатайым оқиғадан (құлап – ред.) көз жұмғанын мәлімдеп, күйеуін кешіретінін айтқан еді.

Сұхбат

PhotoRoom