Алматы облысында 4 оқушы қызды қағып кеткен мас жүргізуші қамауға алынды

Аймақ
03.03.2021, 18:49

Көлік қаққан оқушының екеуі ес-түссіз жатыр

Алматы облысында 4 оқушы қызды қағып кеткен мас жүргізуші қамауға алынды

Алматы облысында мас көлік жүргізуші 4 оқушыны қағып кетті. Әртүрлі дене жарақатын алған үш бала ауруханаға жатқызылған.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, оқиға 2 наурызда сағат 18:40-та Еңбекшіқазақ ауданында болған. Арзиев көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан «Уаз» автокөлігінің жүргізушісі жол жиегінде тұрған екі 8 жастағы және екі 9 жастағы қыздарды қағып кетті. Полиция өкілдері көлікті басқарған Корам ауылының 54 жастағы тұрғынын ұстаған. Сондай-ақ оның көлікті мас күйде жүргізгенін анықтаған.

Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Ләйлім Әубәкірова зардап шеккен оқушылардың қазіргі жағдайын айтты. Оның айтуынша, көлік қаққан екі оқушының жағдайы өте ауыр. 2012 жылғы балалар ес-түссіз ауруханада жатыр. Олар арнайы аппарат көмегімен демалып жатыр. Бас-ми жарақатын алған. Жамбас сүйектері сынған. Ал үшінші қыздың (2011 жылғы) жағдайы тұрақты. Аяғы сынған.

Қазір жүргізуші уақытша ұстау изоляторында. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 345-1 бабы, 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Сұхбат

PhotoRoom