Мемлекет басшысы Бакуде бірқатар елдердің Президенттерімен кездесті

Рейтинг
13.11.2024, 20:56
Мемлекет басшысы Бакуде бірқатар елдердің Президенттерімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға ресми сапармен барып, БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында өткен Дүниежүзілік климат саммитіне қатысты.

Одан бөлек, Президент бірқатар мемлекеттердің басшыларымен кездесіп, түрлі салалардағы ынтымақтастықты талқылады.

Биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы келісімге 30 жыл толған. Осы аралықта мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып, Түркия еліміздің ең ірі 5 сауда серіктесінің біріне айналған. Былтыр екіжақты сауда айналымы 6 млрд долларды құраса, алдыңғы жылдарға 15 млрд долларға дейін көбейту жоспарлануда. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның кездесуінде айтылды.

Түркия Президенті 2025 жылы Анкарада өтетін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысында Қазақстанмен ауыл шаруашылығы, энергетика, қорғаныс, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларда маңызды келісімдерге келетіндеріне сенім білдірді.

Бүгінде түрік кәсіпкерлері еліміздегі ауыл шаруашылығын игеруге, АЭС салу, мұнай-газ тасымалы бағыттарында серіктестікке дайын.

Осы тұрғыдағы кездесулердің бірі, еліміздің Солтүстік Еуропа аймағындағы сенімді серіктесі саналатын Финляндия Президенті Александр Стуббпен өтті.

Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттарымен қатар, фармацевтика, машина жасау, инженерия салаларындағы фин компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылған жобалардың нәтижелерін талқылады.

Одан бөлек, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырып,  Мемлекет басшысы Финляндияның 2025 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық қызметіне табыс тіледі.

Кездесу соңында Президенттер бір-біріне сапармен баруға келісті.

Әзербайжандағы маңызды кездесудің бірі – Африка құрлығындағы маңызды серіктестерінің бірі саналатын Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбаломен өтіп, онда Мемлекет басшылары географиялық жағынан алыс орналасқандықтарына қарамастан логистика, ауыл шаруашылығы, технологиялар саласында ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Умару Сисоку Эмбалоны елімізге ресми сапармен келуге шақырды.

Ал, Кувейттің Тақ мұрагері, шейх Сабах Халид әл-Хамад Ас-Сабахпен кездесуде бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту жолдарын, елдегі Кувейт компанияларының жұмысын талқылады.

Бакудағы сапар аясында Президент Руанда Президенті Поль Кагамемен кездесіп, саяси, экономикалық салалардағы ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар аясындағы серіктестікті қарастырды.  

Мемлекет басшысы авиация саласын дамыту мәселелерін Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) басшысы Сальваторе Шаккитаноны қабылдауында қарастырды.

Ұйыммен арадағы 30 жылдық ынтымақтастықтың нәтижесінде Қазақстанның Ұйым стандартына сәйкестігі 82 пайызға жетіп, көрсеткіш дамыған елдермен теңескен. Елде әуе саласында атқарылған тиімді жұмыстардың нәтижесінде ұшу бағыттары көбейіп, халықаралық рейстердің саны артқан.

 ICAO басшысы бұл бағытта Қазақстанның серіктестігіне әрқашан қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, азаматтық авиация саласындағы табысына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, Сальваторе Шаккитано келер жылы Астанаға сапармен келуді жоспарлап отырғанын айтты.

Еуропадағы маңызды серіктестердің бірі саналатын Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковамен кездесуде сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына, виза режимін оңтайландыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Одан бөлек, Молдова Президенті Майя Сандумен кездесуде келер жылы Астанада Молдова Елшілігінің ашылуын талқылап, бұл мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға септігін тигізетінін қарастырды.

Осы тұрғыдағы кездесулер Хорватия Премьер-министрі Андрей Пленковичпен, Грекия Премьер-министрі Кириакос Мицотакиспен өтті. Сонымен қатар, рухани тәрбие, білім беру мәселелерін «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайебпен талқылады.

Сұхбат

PhotoRoom