Көлгінов кәсіпкерлерді ағаш егуге шақырды

Аймақ
01.05.2021, 18:12

Биыл елордада 1 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланып отыр

Көлгінов кәсіпкерлерді ағаш егуге шақырды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram қаланы көгалдандыру жоспары туралы мәлім етті

«Елордамыз жыл сайын көркейіп келеді. Бұрын батпақ, қараусыз қалған жерлер «жасыл аралдарға» айналып жатыр. Биыл 1 миллионнан астам, яғни рекордтық көлемде жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т. б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде елорданың жасыл белдеуінде де отырғызамыз. Бұл жасыл «оазис» қала құруға мүмкіндік береді», - деп жазды әкім.

Қаланың барлық ауданында соңғы бірнеше апта бойы «Бірге - таза Қазақстан» экологиялық айлығы өтіп жатыр. Бүгін қала басшысы «Астана Балет» маңындағы аумақта ағаш отырғызуға қатысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының елордалық мүшелерімен бірге Нұр-Астана мешітінің жанына ағаш отырғызып, сондай-ақ әріптестерімен бірге ботаникалық бақта ағаш отырғызды. Бұл жұмыстарға қала тұрғындары мен еріктілер белсенді қатысуда.

«Кәсіпкерлерді, СОО/СО/ШОБ басшыларын, ОСИ (ПИК) басқарушыларын іргелес жатқан аумақтарды белсенді көгалдандыруға шақырамын. Осылайша, сіз өз нысандарыңыздың эстетикалық келбетін жақсартып, қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасап, экологияны жақсартуға да елеулі үлес қосасыз!

Тек саябақ аумақтарын, тұрғын үйлер мен аулаларды абаттандырып қана қоймай, сонымен қатар қаламыздың көрікті жерлерін де көгалдандырамыз. Мысалы, «Астана Опера» аумағында емен бағы, Триатлон саябағында сирень бағы болады. Саябақтарда, скверлерде, бульварларда суару жүйесі 5 есе жақсарды. Суару жүйесі автоматты және механикалық режимде жүзеге асырылады», - деді қала басшысы.

Сұхбат

PhotoRoom