Қазақстанда маусымнан бастап 18 автожол учаскесі ақылы болады

Жаңалықтар
17.05.2021, 14:36

Жаңа ақылы жолдардың жалпы ұзындығы - 5,8 мың шақырым

Қазақстанда маусымнан бастап 18 автожол учаскесі ақылы болады

Елімізде 11 мың шақырым автожол ақылы жүйеге ауысады. Оның ішінде жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырымды құрайтын 18 учаске ағымдағы жылдың маусым айынан бастап пайдалануға беріледі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖолдың» баспасөз қызметінен хабарланды.

Бұл: Шымкент-Өзбекстан шекарасы, Орал-Ресей Федерациясының шекарасы (Саратов), Орал-Ресей шекарасы (Самара), Ресей шекарасы (Орынбор)- Ақтөбе, Щучинск-Петропавл, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Тараз, Тараз-Қайнар, Қапшағай-Талдықорған, Қарабұтақ-Қызылорда, Ақтөбе-Орал, Атырау- Бейнеу- Өзбекстан шекарасы, Ақтау-Бейнеу, Қостанай-Ресей шекарасы (Троицк), Нұр-Сұлтан-Қостанай, Павлодар- Ресей шекарасы (Омбы), Нұр-Сұлтан-Павлодар, Павлодар-Семей-Қалбатау учаскелері.

Әр учаске бойынша қандай автокөліктерден төлемақы алынатыны тас жолдың техникалық санатына тікелей байланысты. Мәселен, І- техникалық санаттағы тас жолдарда барлық автокөліктер, ал ІІ және ІІІ-техникалық санаттағы тас жолдарда тек жүк көліктері төлем жасайды. Осы сәтте, алғашқы ақылы учаске енгізілген кезден бастап бүгінгі күнге дейін ақылы жолдардың тарифтеріне өзгеріс енгізілмегенін, бағанын өспегенін ерекше атап өту қажет. Ал жаңа ақылы учаскелер бойынша төлем мөлшерлемесі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде қаралып жатыр.

Сондай-ақ, тестік пайдалану барысында автокөліктерден уақытша төлем алынбайды.

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жоспарының негізінде, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «QazAvtoJol» ҰК» АҚ бірлесіп төлем алудың «ашық жүйесін» енгізу туралы шешім қабылдады.

Жүйенің ерекшелігі – учаскелерде шлагбаумдар болмайды. Автокөліктердің жүріп өткен жолы туралы ақпарат аркаларда орналасқан арнайы камералар арқылы тіркеледі. Төлем автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі бойынша жасалады. Сондай-ақ, төлемақы мен автокөлік туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін арнайы белгілерді (RFID-белгі) жапсыру да көзделген.

Жаңа ақылы учаскелер жүргізушілер мен жолаушылардың сапары жайлы болуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жол-көлік апаты азайып, жол инфрақұрылымы, жол бойындағы сервис нысандары, тәулік бойы ұсынылатын сервис белсенді дамитын болады.

Ақылы жүйе енгізілместен бұрын автожолдар қайта жаңартылатынын ескеру қажет. Қайта жаңартуға дейінгі және жаңа жолдардағы жол-көлік апатының көрсеткіштеріне сүйенетін болсақ, ақылы жолдарды пайдалануға бергеннен кейін жол-көлік апаттарының саны азаятыны дәлелденген.

Мысалы, қайта жаңарту жұмыстары жүргізілгеннен кейін «Ақтөбе-Орал-Ресей шекарасы» автожолындағы көлік апаты 25%-ға, «Нұр-Сұлтан-Павлодар» автожолында 46%-ға, «Қызылорда-Шымкент-Тараз» автожолында 43%-ға, ал «Павлодар-Семей-Қалбатау» учаскесінде 62%-ға төмендеген.

Жаңа ақылы учаскелер көлік қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұстанымы бойынша салынған. Сол себепті, олар енгізілген сәттен бастап республикалық маңызы бар автожолдарда жол-көлік апатының саны азаяды деп жоспарланған.

Сұхбат

PhotoRoom