Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сербияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын Сербия Президенті Александр Вучич арнайы қарсы алып, құрмет қарауылы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалып, зеңбіректен он рет оқ атылды.
Тараптар бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, шағын құрамда келіссөздер жүргізді.
Қазақстан мен Сербия Президенттері қазақ-серб қатынастарын жаңа деңгейге шығарудағы осы сапардың ерекшелігіне тоқталып, бүгінде елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық нығайып, сауда, инвестициялық жағдай жақсарғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичке қонақжайлылық танытқаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстанда орын алған көктемгі су тасқыны кезінде қолдау көрсеткендері үшін Сербия халқына ризашылығын білдірді.
Ал, Сербия Президенті ресми сапармен келгені үшін Мемлекет басшысына алғысын білдіріп, бұл ресми сапардың стратегиялық маңыздылығына тоқталды.
Кездесуде Президенттер екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағыттары мен перспективаларын, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Одан әрі келіссөздер кеңейтілген құрамда өтіп, онда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың барысы мен жаңа бағыттары талқыланды.
Бүгінде екі ел арасында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, логистика, цифрландыру, телекоммуникация, аэроғарыш салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері мол.
Ресмисапар барысында білім, ғылым, денсаулық сақтау, туризм, жасанды интеллектіні дамыту бағыттары қарастырылып, Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстерін ашу талқыланды.
Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметі мен Сербия Үкіметі арасындағы тұлғаларды реадмиссиялау туралы келісімге, қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, Білім министрліктері арасында білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, Туризм министрліктері арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Ұлттық кітапханалар арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға және т.б. ғарыш қызметі саласындағы, өзара саудада статистикалық деректер алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаларға қол қойылды.
Одан әрі, Қазақстан мен Сербия Президенттері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы брифинг беріп, ресми сапар барысында қол жеткізген келісімдер мен уағдаластықтар, маңызды құжаттар мен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарымен таныстырды.
Сербия еліміздің Балқан түбегіндегі маңызды серіктестерінің бірі ретінде түрлі салалардағы ынтымақтастық қарқынды дамуда.
Қазақстан азық-түлік, өнеркәсіп және басқа да тауарларды экспорттауға дайын. Сербияның ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол болғандықтан, органикалық ауыл шаруашылығы, ветеринария, генетикалық ресурстарды кеңейту, өсімдіктер биотехнологиясы бағыттарында тәжірибе алмасу келісілді.
Сонымен қатар, ресми сапар барысында Астана мен Белград арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Одан бөлек, Қазақстан Президенті серб халқын 2027 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуларымен құттықтады.
Мемлекет басшысы брифинг барысында Сербия халқына көктемдегі су тасқынында қаржылай қолдау көрсеткендері үшін, сондай-ақ бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсене қатысқандары үшін алғысын білдірді.
Сөз соңында Александр Вучичті келесі жылы елімізге ресми сапармен келуге шақырды.
Өз кезегінде Сербия Президенті ресми сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықты жоғары бағалап, екі елдің ынтымақтастығы халықаралық ұйымдар төңірегінде де қарқынды дамып, бірқатар мәселелерде ортақ көзқарастар қалыптасқандығын жеткізді.
Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің шақыруын қуана қарсы алып, келесі жылы міндетті түрде ресми сапармен баратынын хабарлады.
Келіссөздер барысында жаһандық және халықаралық мәселелер де талқыланды.
Сербияға ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев серб Премьер-министрі Милош Вучевичпен кездесіп, онда екіжақты экономикалық және инвестициялық бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады.
Мемлекет басшысы Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес төңірегіндегі әріптестікті көтеріп, серб кәсіпкерлеріне қазақ Үкіметі тарапынан қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Сербия Премьер-министрі Қазақстанмен бірқатар салаларда ынтымақтастықты арттыруға, тауар айналымын кеңейтуге, көлік-логистика салаларындағы серіктестікті жандандыруға ниетті екендіктерін мәлімдеді.
Әскери мақсаттағы тауарлардың экспорты бойынша көшбасшы ел ретінде Сербия әлемнің 70 мемлекетіне, оның ішінде Сауд Арабиясы, БАӘ, АҚШ, Индонезия, Болгария елдеріне қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін жеткізеді.
Осы ретте, ресми сапар барысында Қазақстан Президенті Белград маңындағы «Батайница» аэродромына қойылған әскери-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының көрмесін аралады.
Көрмеде қару-жарақпен жабдықталған тікұшақтар, миналар мен минометтар, атыс қаруларының үлгілері таныстырылды.
Сонымен қатар, Қазақстан делегациясының құрамында болған Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов сербиялық әріптесі Братислав Гашичпен кездесіп, әскери саладағы ынтымақтастықты талқылады.
Нәтижесінде тараптар қорғаныс саласындағы екіжақты келісімге, сондай-ақ 2025 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойды.
Ал, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сербияның ғылым, Технологиялық даму және инновациялар министрі Елена Беговичпен кездесіп, ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты талқылап, ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Одан бөлек, IT-саланы дамытуға, елдер арасындағы әлеуметтік-экономикалық дамуға жәрдемдесуге бағытталған кездесу Сербияның Ақпарат және телекоммуникация министрі Деян Ристичпен өтті.
Тараптар телекоммуникациялар, жасанды интеллект, инновация салаларындағы әріптестікті талқылады.
Министр Крагуевац қаласындағы Мемлекеттік деректерді өңдеу орталығына барып, қызметімен танысты.
Өз кезегінде серб тарапы Қазақстанның цифрлық жетістіктерін, бұл саладағы ұсынған жобаларын жоғары бағалап, сапар барысында министрліктер ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.