Президент мемлекеттік сапармен Мажарстанға барды

Рейтинг
21.11.2024, 12:10
Президент мемлекеттік сапармен Мажарстанға барды

Ресми сапармен Мажарстанға барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Будапешт қаласындағы Король сарайының Арыстандар алаңында осы елдің Премьер-министрі Виктор Орбан қарсы алды.

Алдымен құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалып, ресми делегация өкілдері таныстырылды.

Шандор сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Венгрия Президенті Тамаш Шуйок қарсы алды.

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы наурызда орнаса, 1993 жылдың наурызында Мажарстанның Қазақстандағы Елшілігі, ал сол жылдың қыркүйегінде Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігі ашылған.

Екі елдің Президенттері отыз жылдан астан уақыт аралығында орнаған ынтымақтастық пен достық қарым-қатынастарды талқылап, осы ресми сапар екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.

Елдер географиялық тұрғыдан алшақ орналасқанымен тарихы мен мүддесі ортақтастыратыны айтылды.

Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, металлургия, жаңартылатын энергия көздері, тамақ өнеркәсібі және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту бағыттары қарастырылды.

Тамаш Шуйок Қазақстанды Орталық Азияда экономикалық жағынан дамыған ел екенін айтып, еліміздің бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін ерекше атап өтті.

Қазақстан мен Мажарстан Президенттері мәдени-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастыққа, оның ішінде жоғары оқу орындары арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды.

Кездесуде өңірлік күн тәртібімен қатар халықаралық деңгейдегі мәселелер, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық талқыланды.

Будапештке алғашқы сапары барысында Мемлекет басшысы қазақ-мажар инвестициялық дөңгелек үстелге қатысып, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың жай-күйіне, биыл Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойғанына 10 жыл толғанына тоқталды.

Елімізде мажарлардың 70-тен астам компаниясы жұмыс істесе, оның ішінде MOL Group және Gedeon Richter секілді компаниялар бар. Мажарстанның елімізге құйған инвестиция көлемі 370 млн долларға жеткен. Дегенімен бүгінде 540 млн долларға ауыл шаруашылығы, машина жасау, логистика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру келісілуде.

Инвестициялық дөңгелек үстелде Президент энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, фармацевтика, сирек кездесетін металдарды өңдеу, қаржы салаларындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, мажарлық кәсіпкерлерді елімізде келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.

Іс-шарада Мажарстанның Қаржы министрі, Қазақ-мажар экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Михай Варга мен бірқатар ірі компаниялардың басшылары сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел қорытындысымен білім, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды қолдауға қатысты 7 коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Ал, Мажарстанның Мемлекеттік жиналыс Төрағасы Ласло Kёвермен кездесуде заң шығарушы органдардың арасындағы қарым-қатынасты жандандыру, парламентаралық ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Бұл кездесуге дейін Мажарстанның жоғары оқу орындарына білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездескен Президент, білім саласындағы әріптестіктің маңыздылығын сөз етті.

Өз кезегінде Ласло Kёвер парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсеткені үшін Президентке алығысын білдіріп, бұл бағытта барынша жұмыс жасайтынын айтты.

Сонымен қатар, түрлі салалардағы екіжақты серіктестіктің маңыздылығымен қоса, халықаралық мәселелерді талқылады.

Кездесу қорытындысымен Мемлекет басшысы Мажарстан Парламентінің ғимаратын аралап, қызметімен танысты.

Екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытындағы кездесу Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен де өтті.

Тараптар сапар барысында қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылуын бақылау екі ел үкіметі тарапынан жүзеге асырылу қажеттігі расталды.

Одан әрі, қазақ-мажар делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер ұйымдастырылып, Мемлекет басшысы қонақжайлығы үшін мажар тарапына алғысын білдірді.

Келіссөздер барысындағы басты жетістіктердің бірі – Қазақстан-Мажарстан инвестициялық қорын құру болды.

Екі елдің делегациялары энергетика, сауда, экономика, көлік, мұнай, газ, білім және басқа да салалардағы байланыстардың негізгі бағыттарын талқылады.

Кездесу соңында Президент Виктор Орбаны келесі жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Келіссөздер нәтижесінде екі елдің стратегиялық әріптестігін дамытатын бірлескен мәлімдеме қабылданып, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. Атап айтқанда, Сыртқы істер министрліктері консулдық мәселелер бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен Мажарстанның «National Capital Holding» ұлттық компаниясы арасындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kazakh Invest» және «UBM Group» компаниялары арасындағы Қазақстанда құрама жем және премикс өндірісі жобасын іске асыру жөніндегі үшжақты негіздемелік келісімге, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Мажарстанның Ұлттық банкі арасындағы банк саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға және басқа да құжаттарға қол қойылды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады.

Тараптар ресми сапар барысында қол жеткізілген келісімдер мен қойылған құжаттардың маңыздылығынан хабардар етті.

Екі елдің тауар айналымы қарқынды дамуда. Оның бір көрінісі, былтырғы көрсеткіштің алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға өсуі болды.

Қазақстанның Мажарстанға металлургия, энергетика, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында өнімдерді экспорттауға мүмкіндігі бар. Жалпы құны 700 млн доллар болатын 95 тауар түрін жеткізуге дайын.

Жетекші компаниялармен кездесуде мажар кәсіпкерлері еліміздегі инвестициялық жобаларға қызығушылық танытқан. Нәтижесінде құны 62 млн долларды құрайтын «UBM» холдингімен жем шығаратын үш зауыт салу туралы жобаға қол қойылған.

Келіссөздер барысында ерекше назар көлік-логистика саласына аударылған. Бұл бағытта елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында «KTZh Express», «L.A.C. Holding» және «Xi'an Free Trade Port Construction and Operation» компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Ал, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарға тоқталған Президент Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынына белсене қатысқандары үшін мажар халқына алғысын білдірді.

Бүгінде Мажарстан тарапынан қазақ студенттеріне берілетін оқу гранттарының нәтижесінде бірнеше мың жастар сонда білім алуда.

Екі елдің арасындағы ынтымақтастық Біріккен Ұлттар ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында қарқынды дамуда.

Қазақстан Президентінің Мажарстанға ресми сапары осыдан 17 жыл алдын өткендіктен, бұл тарихи сәтте екі мемлекеттің түрлі салалардағы ынтымақтастығы ғана емес, халықтың достығы, тарихы тамырластығы айтылған.

Ресми сапар аясындағы кездесулердің бірі -  Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визермен өтті. Бұл кездесуде осы танымал спорт түрін Қазақстанда дамыту перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар,  Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанмен бірге Puskas Arena Park стадионында УЕФА Ұлттар лигасы аясында өтіп жатқан Мажарстан мен Германия құрамалары арасындағы футбол матчын тамашалады.

Қорыта келе, ресми сапар аясында қол жеткізілген келісімдердың жүзеге асырылуы екі елдің үкіметтері тарапынан жүзеге асырылатыны айтылып, бұл сапар елдер арасындағы ынтмақтастықты одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірілді.

Сұхбат

PhotoRoom