Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізу жоспарлануда

Рейтинг
25.11.2024, 20:22
Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізу жоспарлануда

30 жылдан астам дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытып, әрқашан әріптестіктің жаңа бағыттарын қарастыруда.

Алдымен, 1993 жылы Қазақстанның Ирандағы Елшілігі ашылды, кейіннен Горган қаласында Бас консулдық, Бендер Аббаста консулдық ашылды.

Елшіліктің негізгі міндетіне еліміздің Ирандағы ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету, оның сыртқы саясатын іске асыру, Ирандағы қазақстандық азаматтар мен заңды тұлғалардың мүдделерін қорғау, екі ел арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету, Қазақстан мен Иранның халықаралық келісімшарттары жобаларын, келісімшарттарды жасасу, орындау немесе тоқтату туралы ұсыныстар әзірлеу және басқа да қызметтер жатады.

Иранның Қазақстандағы елшілігі 1992 жылдан бері жұмыс істейді және Алматы мен Ақтауда бас консулдықтары орналасқан.

Ирандық инвестицияның көлемі артып, бұл бағыттағы үрдістер оң нәтиже беруде.

Сыртқы істер министрлігінде түрлі қызметтерді атқарған Оңталап Оңалбаев биылғы жылдың сәуірінен Қазақстанның Ирандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Қазақстандық дипломат екі ел арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында түрлі сала басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізуде.

Мәселен, жақында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында Оңталап Оңалбаев Иранның Ауыл шаруашылығы жиһады министрі – ҚР мен ИИР арасындағы Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссияның (ҮАК) тең төрағасы Ғоламреза Нури Ғезелжемен кездесті.

Тараптар Үкіметаралық бірлескен комиссияның отырысын келесі жылы Астанада өткізуді, сауда айналымының көлемін 3 млрд долларға жеткізу бойынша жол картасын іске асыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, елдер арасындағы инвестицияның қазіргі ахуалы мен перспективалары, сүт өнімдері, өнеркәсіп, тау-кен салаларында бірлескен жобалардың іске асырылу барысы қаралды.

Бүгінде Қазақстан Иранға бидай, арпа, майлы дақылдар жеткізуге дайын. Осылай деген Қазақстандық дипломат, еліміз Иранға экспорттайтын тауарларды өзектендіргенін, құны 250 млн долларды құрайтын 75 тауарды жеткізуге дайын екенін айтты.

Өз кезегінде Ғоламреза Нури Ғезелже қазақстандық астық өнімдерін сатып алуға қызығушылығын білдіріп, шетелдік инвесторларға Қазақстанда барынша жағдай жасалғанын атап өтіп, иран тарапы елдегі бірқатар жобаларға қатысуға ниетті екендіктерін білдірді.

Ал, елімізді «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі мен Иранның транзиттік мүмкіндіктері мен порттарының әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды.

Одан бөлек, кездесуде тараптар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы аясындағы ынтымақтастықты талқылады.

Ал, қазақ дипломатының Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрінің орынбасары, Сауданы дамыту ұйымының төрағасы Мохаммад Әли Дехкан Дехнавимен кездесуінде көлік, логистика, өнеркәсіп, сауда салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, 2025 жылы Қазақстанда өтетін үкіметаралық комиссияның 20-шы бірлескен отырысының күн тәртібін талқылады.

Өз кезегінде ирандық тарап Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде атап өтіп, келесі жылы Иранда өтетін «Eurasia Expo 2025» атты көрмесіне қазақстандық тарапты қатысуға шақырды.

Сонымен қатар, сұхбаттасушылар екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарды талқылай келе, ынтымақтастықтың дамуындағы Еуразиялық экономикалық одақтың маңыздылығына да тоқталды.

Одан бөлек, Оңталап Оңалбаев елдер арасындағы саяси, парламентаралық, гуманитарлық, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында  Иран Ислам Мәжілісі Кеңесінің депутаты, Қазақстан-Иран парламенттік достық тобының жетекшісі Манучхер Моттакимен және осы топтың мүшелерімен кездесті.

Қазақстандық дипломат ирандық депутаттарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүзеге асырылып отырған реформалардан хабардар етіп, Қазақстандағы Парламенттік жүйенің рөлі туралы мәлімет берді.

Ирандық депутат екі тараптың парламентаралық ынтымақтастықтығын дамытуға белсенділікті арттыруға шақырды. Сонымен қатар, Солтүстік-Оңтүстік және Қазақстан-Иран-Түрікменстан көлік дәліздерін пайдалануға қазақстандықтарды шақырып, қазақ тауарларын шетелге шығару үшін Иран қысқа, қауіпсіз және тиімді бағыт екенін атап өтті.

Иран Парламентінің Ауылшаруашылық комиссиясы басшысының орынбасары, достық тобының мүшесі Пейман Фалсафи екіжақты тауар айналымын арттыру маңыздылығына тоқталып, ирандықтар қазақстандық дәнді-дақылдарды импорттауға және басқа елдерге транзиттеуге көмектесуге дайын екендіктерін жеткізді. Қазақстанның Парламент Мәжілісінің депутаттарын Тегеранға ресми сапармен келуге шақырды.

Жалпы айтқанда, түрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайтып, әріптестікті арттыру мақсатында кездесулер, форумдар, келіссөздер жүргізіліп, маңызды құжаттарға қол қойылуда.

Сұхбат

PhotoRoom