Тоқаев Токио Олимпиадасына баратын спортшыларға ел туын табыс етті

Жаңалықтар
02.07.2021, 18:27

Спортшылар Президентке отандастарымыздың сенімін ақтау үшін барын салатынын жеткізді

Тоқаев Токио Олимпиадасына баратын спортшыларға ел туын табыс етті

Бүгін Мемлекет басшысы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР олимпиадалық делегациясының мүшелерімен кездесіп, ту ұстаушылар Ольга Рыпакова мен Қамшыбек Қоңқабаевқа ел туын табыс етті.

Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан телекөпір арқылы қатысты. Онда спортшылар Токиоға аттанар алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Президент Олимпиадаға баратын спортшылардың алдында сөйлеген сөзінде әлемнің басты спорт бәсекесінде ел намысын қорғау мәртебелі міндет, үлкен абырой, зор жауапкершілік екенін айтты.

«Сіздер халықаралық деңгейдегі өздеріңіздің көшбасшылық орындарыңызды нығайту үшін нағыз чемпионға тән мінез көрсетіп, Олимпиада лицензиясын иелендіңіздер. Осындай қиын-қыстау жағдайда сіздер спорттың өзін-өзі шектейтін қатаң режимін сақтап, өзгелерге үлгі көрсеттіңіздер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақстандықтардың Олимпиада ойындары барысында біздің спортшыларға көрсететін күшті қолдауы оларға қосымша рух беретініне сенім білдірді.

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Олимпиада тұғырына көтерілу сіздердің ғана жетістіктеріңіз емес, бүкіл ұлтымыздың абыройы. Олимпиада шыңы мыңдаған жасты спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға және көздеген мақсаттарына жетуге шабыттандырады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рәсім барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Мемлекеттік Туын алғаш рет екі бірдей ту ұстаушыға – жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа табыстады.

Қамшыбек Қоңқабаев Президентке отандастарымыздың сенімін ақтау үшін құрама команда барын салатынын жеткізді. 

 «Сіздің қолыңыздан еліміздің Туын алу – үлкен абырой, зор жауапкершілік. Олимпиадаға қатысушы спортшылар қастерлі санайтын осы Тудың Токио төрінде жиі көтеріліп, Әнұранымыздың шырқалуы үшін барымызды саламыз», – деді бокстан Қазақстан құрама командасының капитаны.

Сұхбат

PhotoRoom