Қазақстанда 23 мың ресейлік және бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеуде

Рейтинг
27.11.2024, 21:27
Қазақстанда 23 мың ресейлік және бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеуде

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді «Ақорда» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтіп, құрмет қарауылының бастығы екі елдің Президентіне рапорт беріп, Қазақстан мен Ресейдің әнұрандары шырқалды.

Одан әрі Мемлекет басшылары бір-біріне делегация құрамын таныстырып, шағын құрамда келіссөздер жүргізді.

Келіссөздер барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен шақыруын қабыл алған Владимир Путинге алғысын білдіріп, еліміз Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі екенін айтты.

Бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуына септігін тигізетін 20 келісімнен тұратын құжаттарға қол қоюмен ерекшеленбек.

Ресей Президенті қазақ елінің қонақжайлығына ризашылығын білдіріп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын айтты.

Бүгінде Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі. Былтырғы жылдың өзінде сауда айналымы 28,5 млрд долларды құраса, Ресейден тартылған инвестиция 13 млрд долларға жеткен.

Екі ел арасындағы білім, ғылым, мәдениет саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда және бұның бір дәлелі Ресейдегі шет мемлекеттерден келген студенттердің басым бөлігін қазақстандық жастардың құрауы.

Шағын құрамдағы келіссөздер барысында мұнай-газ, энергетика өнімдерін тасымалдау, көлік-логистика, білім, ғылым, экономика, сауда, қаржы, экология, су ресурстары, өнеркәсіп кооперациялары салаларындағы ықпалдастықты талқылады.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында екіжақты тауар айналымын 30 млрд долларға жеткізу бойынша мүмкіндіктердің көптігі айтылып, Үкімет басшыларына тапсырма берілді.

Қазақстан мен Ресей инвестиция көлемі 18,3 млрд долларды құрайтын 93 жобаны жүзеге асыруда. Соның нәтижесінде елімізде 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Ал жоспарда құны 29,5 млрд долларды құрайтын 49 жобаны жүзеге асырып, 20 мыңнан астам жұмыс орынын ашу көзделуде.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында екі ел арасындағы стартегиялық серіктестіктің даму қарқыны мен болашағы, сонымен қатар сауда-экономикалық, отын-энергетика, ғылыми-техникалық салалардағы ынтымақтастық талқыланды.

Мемлекеттік сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бейнебайланыс арқылы Қазақстан-Ресей ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы форумның маңыздылығына тоқталды.

Уфада өткен форумда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы, Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация салаларында қарқынды дамып жатқандығына тоқталды.

«Шын мәнінде, тауар айналымы арта түсті. Былтыр оның көлемі 27 млрд долларға жетті. Бұл ретте сыртқы саудамыздың 20 пайызға жуығы Ресейдің үлесіне тиесілі. Ресейден келетін тікелей инвестицияның жалпы көлемі 25 млрд долларға жуықтады. Жыл сайынғы инвестиция мөлшері де айтарлықтай артты: былтырғы қорытынды бойынша екі есе, яғни 3 млрд долларға дейін ұлғайды» - деді Президент.

Бүгінде елімізде 23 мың ресейлік және бірлескен кәсіпорындар жұмыс жасауда.

Екі ел арасындағы серіктестік дамыған салалардың бірі – отын-энергетика саласы. Бұл салада құйылған инвестиция көлемі 6 млрд долларды құрайды.

Екі жыл бұрын ашылған полипропилен өндіретін «Сибур» компаниясы жылына 500 мың тонна өнім өндіріп, елімізді ғана емес, Қытай, Түркия, Ресей елдерін қамтуда.

Газ саласындағы ынтымақтастық аясында алғаш рет Қазақстан арқылы Ресейден Өзбекстанға газ тасымалдануда және бүгінде «Газпром» компаниясымен Қырғызстанға тасымалдау келісілді. Одан бөлек, Ресейден елге газ тасымалдау ойынша келіссөздер жүргізілуде.

Президенттің айтуынша, энергетика саласындағы жобалар мұнымен шектелмейді. Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларындағы жылу электр станцияларының құрылысы бойынша келісім жасалған.

Машина жасау саласына келсек, биыл «Татнефть» компаниясының қатысуымен Саран қаласында жылына 3,5 млн шина шығаратын зауыт ашты.

Елімізде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған және елдер арасындағы бұл бағыттағы экспорт жолға қойылған. Биылғы жылы қазақстандық диқандар 27 млн тонна астық жинап, рекордтық көрсеткіш орнатты.

Ал, азық-түлік тауарларына импортқа тәуелділікті жою бойынша бірқатар ірі жобалар қолға алынған. Мәселен, таяу жылдарда 600 мың тонна сүт өндіретін сүт фермасы, құс етін өндіретін 29 фабрика, 850 млн дана жұмыртқа шығаратын құс фабрикаларын пайдалануға беру жоспарлануда.

Бұл форумда көлік-логистика саласы да аталып өтті. Президент 2030 жылға дейін 11 мың шақырым жолды жөндеп, 5 мың шақырымнан асатын темір жол салу жоспарланғанын айтты. Жақында Қытай-Қазақстан-Ресей бағытындағы жүк тасымалы жүйесінің бекеттері пайда болмақ.

Ал туризм саласында еліміз 86 елдің азаматтарына визасыз режим ұсынып, 31 елмен тікелей әуе қатынасын орнатқан.

Әр саладағы ынтымақтастықты дамытып, инвестицияны арттыру мақсатында Қазақстан Ресей кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасап, келтіретін кедергілерді жоюға әбден дайын.

Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың, бірлескен жобалардың маңыздылығына Ресей Президенті де тоқталды. Қазақстан мен Ресей елдерін дамытып, адамдардың өмір сүруін жақсарту мақсатында 150-ге жуық іс-шараларды қамтитын бағдарлама мақұлданып, ынтымақтастыққа деген қызығушылықты екі елдің кәсіпкерлері де қомақты меморандумдар мен келісімдерден, коммерциялық келісімшарттарға қол қоюмен көрсетті.

Одан бөлек, пленарлық отырыста Ресей Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Патрушев, Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Үкіметі аппаратының жетекшісі Ғалымжан Қойшыбаев сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бейнебайланыс арқылы қатысқан тағы бір маңызды іс-шаралардың бірі - Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ресми түрде ашылуы болды.

Салатанатты іс-шараға екі елдің Білім және ғылым министрліктерінің басшылықтары қатысып, бұл саладағы ынтымақтастық бойынша баяндама жасап, содан соң мемлекеттер басшылары ашылуына рұқсат етті.

Алғаш рет ашылған қазақстандық оқу ордасында сабақ қазақ, орыс және ағылшын тілерінде беріледі және шет мемлекеттерден ғалымдарды тарту жоспарланған. Келесі жылдың қыркүйегінен бастап студенттерді қабылдайтын филиалда «Халықаралық құқық», «Қазақ әдебиеті», «Кеден ісі» мамандықтары бойынша білім алуға болады, ал алдағы уақытта қос дипломды білім беру бағдарламасы енгізілмек.

Ал, Қазақстан мен Ресей үкіметтері студенттерді оқыту үшін 200 грант қарастырған. Оқу-әдістемелік қызметке 10 кабинет, басшылық пен оқыту-профессорлық құрамына 5 кабинет, 7 оқу аудиториясы мен коворкинг орталығы қарастырылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапарын екі ел қарым-қатынасын дамудағы маңызды кезеңге жол ашқанын мемлекеттер басшыларының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне бірлескен мәлімдемесінде баяндады.

  • Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Бізді мызғымас достық байланыстар, ғасырларға ұласқан тату көршілік қатынас және ортақ тарих біріктіреді. Мемлекеттеріміз осынау мәңгілік құндылықтарға арқа сүйей отырып, келешекті көздеген мазмұнды ықпалдастықты жолға қойды. Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы барлық саланы қамтып, бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерілді, - деді Президент.

Екіжақты ынтықтастықты дамыту мақсатында бірқатар құжаттарға қол қойылған. Олардың ішінде 2021-2025 жылдарға арналған кешенді экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы, 2024-2026 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспары бар.

 Мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық да қарқынды дамып, белігілі бір нәтижелерге қол жеткізілген. 2025 жылы көктемде Астанада «Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы» аллеясын ашу, 2026 жылы елімізде спорттың дәстүрлі түрлері мен киберспортты ұштастыратын Үшінші «Болашақ ойындарын» ұйымдастыру жоспарлануда.

Биылғы жылы Астананың Мәскеудегі мәдениет күндері көпшіліктің ықыласына ие болған.

Осы кездесуді пайдалана отырып, Қазақстанда өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсене қатысқан ресейлік тарапқа алғысын білдірді.

Сұхбат

PhotoRoom