Бүгінгі әлемдегі ахуал Қазақстанды да алаңдатады

Рейтинг
07.12.2024, 22:07
Бүгінгі әлемдегі ахуал Қазақстанды да алаңдатады

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Доха форумының ашылу салтанатында айтты. Newsmaker Interview форматындағы арнайы сессияда СNN журналисі Джулия Чаттерлейдің сұрақтарына жауап берді.

Президенттің айтуынша, БҰҰ әмбебап ұйым ретінде маңызы өте зор. Дегенімен, бүгінгі ірі державалардың бір-бірімен келісімге келе алмауы Қауіпсіздік кеңесін тығырыққа тіреуде. Ал, дамушы, орта державалар аймақтық деңгейде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алады. Сондықтан да, бүгінгі әлемдегі ахуал көптеген елдерді, соның ішінде Қазақстанды да алаңдатады.

Одан бөлек, Президент әлемдегі сауда қақтығыстары, ондағы тариф қолдану шарасын пайдаланудың дұрыс еместігіне тоқталды.

Қазақстан бүгінде көрші елдермен, одан бөлек сауда байланысын дамытқан мемлекеттермен тиімді қарым-қатынас орнатқандықтан, еліміздің тарихында ондай қақтығыстар болмаған. Сондықтан да, Мемлекет басшысы ірі державаларды тариф қолдану шарасы секілді күмәнді саясатты қолданбауға шақырды.

Сондай-ақ, сұхбат барысында Президентке еліміздің сыртқы саясатына, Украина, Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты сұрақтар қойылып, жауап берілді.

Айта кету керек, «Диалог, дипломатия және алуантүрлілік» (Diplomacy, Dialogue and Diversity) тақырыбындағы халықаралық жиында әлемде орын алған проблемалар мен оны шешу жолдары, экономикалық даму, жасанды интеллект, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы негізгі мәселелер талқыланды.

2003 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан форум, әлем көшбасшылары мен сарапшыларын, әлемдегі мәселелерді талқылау, ойларымен, пікірлерімен, оларды болдырмау бойынша ұсынымдарымен бөлісу, инновациялық шешімдерді пайдалана отырып, мәселелерді шешудің жолдарын талқылау мақсатында ұйымдастырылуда.

Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға мемлекеттік сапар аясында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесіп, Доха форумына шақырғаны үшін алғысын білдірді.

Бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық ұзақмерзімді стратегиялық сипат алған. Кездесуде бірлескен инвестициялық жобалар, ауыл шаруашылығы, банк, энергетика, телекоммуникация салаларындағы әріптестік пен бүгінде қолжеткен жетістіктер талқыланды.

Сондай-ақ, Президент сапар аясында Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджриді, Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдап, бірлескен инвестициялық жобаларды талқылаған болатын.

Сұхбат

PhotoRoom