Түркістанда жыл басынан туризм саласында 63 млрд теңге инвестиция тартылып, туристерге жаңа бағдарламаларды ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынған. Бұл туралы, облыс әкімдігінің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің өкілдерімен кездесуі барысында айтылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжаннан келген делегацияны Түркістанның туризм саласындағы әлеуетімен таныстырып, мүкіндіктерінен хабардар етті.
Осыдан 3 жылдан астам уақыт бұрын Түркі мемлекеттер басшыларының бейресми саммитінде Түркістан қаласы – Түркі әлемінің рухани астанасы болса, биылғы жылы туристік астанасы атанды.
Туризм – өңірдің экономикасының басым бағыты болғандықтан, мемлекет тарапынан бұл саланы дамыту мақсатында түрлі іс-шаралар қолға алынып, отандық және шетелдік туроператорлармен әріптестік ауқымы кеңейтіліп, әуежайдың ұшу бағыттары арттырылуда.
Облыс әкімдігі аймаққа туристер ағынын кеңейтуді мақсат етуде. Ал бұл бағытта Түркі мемлекеттері ұйымы өкілдерімен кездесу, тың серпін беретініне сенімді.
Өңірде туризм саласында 3 негізгі бағыт, атап айтқанда экологиялық және емдік-сауықтыру, тарихи-танымдық бағыттарда жұмыстар жүргізілуде.
Облысқа жыл басынан 400 мыңнан астам, тарихи орындарға 810 мың турист келсе, табиғи аумақтарға 124 мың, шипажайларға 135 мың адам келген. Ал, қонақүйлерге келушілер саны 210 мың адамды құраған. Е-qonaq жүйесіндегі ақпарат бойынша өңірге биылғы жылдың 10 айында 19 мың шетелдік турист келген.
Кездесу барысында туристер санын арттырумен қатар, білікті кадрларды даярлау, қызмет көрсету сапасын жетілдіру бағыттарында ұсыныстар мен пікірлермен алмасты.
Сонымен қатар, түркі елдерінің делегациясы Түркістанның туризм әлеуеті мен дамыту бағытына арналған халықаралық туризм семинар-тренингіне қатысып, тәжірибе алмасты.
Одан бөлек, Түркістан қаласындағы рухани-мәдени орталықтарды аралап, Отырар және Сауран аудандарындағы тарихи орындармен танысып, өңір қонақжайлығына алғыстарын білдіріп, сапар барысында алған әсерлерімен, жаңа локациялардың пайда болғандығы бойынша пікірлерімен бөлісті.
Жалпы айтқанда, Түркістанда туристерге айналған өңірдің бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесі, ханның тағына ұқсас Хантағы жотасы, Бәйдібек ауданында Ақмешіт үңгірі, «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені мен ерекше қорғалатын «Қаратау» және «Ақсу-Жабағылы» қорықтары, «Сырдария-Түркістан», «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи парктері бар.