Екі бөлмелі пәтер: Нұр-Сұлтанда вакцина алғандар арасында өтетін ұтыс уақыты ұзартылды

Аймақ
02.09.2021, 12:10

Елордада вакцина алғандар арасында акция басталды

Екі бөлмелі пәтер: Нұр-Сұлтанда вакцина алғандар арасында өтетін ұтыс уақыты ұзартылды

Елорда тұрғындарының өтінішін ескере отырып, вакцина алғандар арасында өтетін екі бөлмелі пәтерге қатысты ұтыс уақыты ұзартылды. Осылайша 25 маусым мен 28 қыркүйек аралығында (28 қыркүйек күнін қоса алғанда, бұрын 31 тамыз болған) Нұр-Сұлтанда екпе салдырғандардың екі бөлмелі пәтер ұтып алу мүмкіндігі бар.

Ұтысқа осы жылдың 25 маусымы мен 28 қыркүйегі аралығында вакцинаның бірінші компонентін алған 18 жастан асқан тұрғындар қатыса алады.

Бұл ұтыс ойынына вакцинацияның барлық пункті қатысады: медициналық мекемелер, СОО/СҮ. Ұтыс ойынына қатысу автоматты, арнайы құжат толтырып, тіркелудің қажеті жоқ. Екі бөлмелі пәтердің ұтыс ойыны тікелей эфирде өтеді.

Елорда әкімдігі апта сайын вакцина алғандар арасында iPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың ұтыс ойынын өткізіп келді. Вакцинацияланғандардың арасында соңғы үлгідегі iPhone телефонының 19 данасы, 6 тоңазытқыш, 4 теледидар, 2 планшет, 4 микротолқынды пеш, 5 принтер, 2 бейнетіркегіш, кір жуғыш машина, Алиса ақылды колонкасы, ауа ылғалдандырғыш және т.б. ойнатылды. Бұдан бөлек, вакцинацияланғандар арасында бағалы жүлделердің ұтыс ойынын екпе пункттері орналасқан СОО және СҮ өткізеді.

Сондай-ақ, «MEGA Silk Way» СОО-дағы вакцинация пунктінде 23 маусым мен 31 тамыз аралығында екпенің бірінші компонентін алғандар арасында автомобильдің ұтыс ойыны өтеді.

Birge платформасында ұтыс ойынының жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы рандомайзер сервисі орнатылған, ол вакцинацияланғандардың ID-нөмірі арқылы жүлде иелерін таңдайды. Оны әзірлеуге IT-қауымдастық та қатысты. Вакциналанғандар бойынша сервис ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен біріктірілген.

Елордада өткізілетін ұтыс ойындары жұртшылықты вакцинациялауға ынталандыру, осылайша өзінің және өзгелердің денсаулығын сақтау үшін ұйымдастырылады. Өйткені, басты мақсат – ұжымдық иммунитетті дамыту және карантинге дейінгі режимге оралу.

НҰР-СҰЛТАНДА ВАКЦИНА АЛҒАН ЖАСТАР АРАСЫНДА 1,5 МЛН ТЕҢГЕ ОЙНАТЫЛАДЫ

Нұр-Сұлтанда вакцинацияланған жастар арасында 1,5 млн теңге ойнатылады. Елордалық «Астана жастары» ресурстық орталығы халықаралық Жастар күні қарсаңында «Stop COVID-19» үздік бейне-challenge байқауын ұйымдастырады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Байқау қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өтеді.

Байқау вакцинация арқылы студенттер арасында COVID-19 таралуына қарсы күрес, сондай-ақ жастар арасында шығармашылық кластерді қолдау мақсатында өткізіледі. Байқау жеңімпазы елорданың мәслихат депутаты Азамат Манасұлының басшылығымен жұмыс істейтін «Ідіріс Орынбасар атындағы қайырымдылық қорынан» 1 миллион теңге алады. Екінші орынға – 300 мың теңге, үшінші орынға – 200 мың теңге. Сондай-ақ, байқауға қатысушылар үшін «Арена fitness», «Winox» фитнес-залдарының танымал желілерінен және «Хлебный край» компаниясынан ынталандыру сыйлықтары қарастырылған.

Байқау осы жылдың 5 тамызы мен 5 қазан аралығында өтеді. Оған елорданың орта арнаулы (колледждер) және жоғары оқу орындарының кәмелетке толған студенттері қатыса алады.

«Шарттар өте қарапайым: ниет білдірген қатысушылар 5 тамыздан 5 қыркүйекке дейін Google Forms арқылы Instagram желісінде @astana_jastary профилінің тақырыпшасына қатысуға өтінім жіберуі қажет. Содан кейін, қатысушы Нұр-Сұлтан қаласындағы кез келген вакцинация пунктінде 5 тамыз бен 5 қазан аралығында екпе алуы тиіс. Ары қарай, вакциналау орнынан шығармашылық бейне-challenge түсіріп, оны Instagram және Tiktok-та таратуы керек. Жарияланымдардың астында хэштегтерді көрсетуді ұмытпаңыз: #stopCovid #молодежьзавакцинацию #nsjastary #astanajastary және челленджге тартылған қатысушылардың санын бақылау үшін жекелеген бір хэштег ойлап табу қажет. Байқау соңында ізінен ерген адамы көп бейнеролик авторы (бірінші, екінші, үшін орын) ақшалай сыйлық алады.

Байқау ережесінің толық шарттарымен Instagram парақшаларынан танысуға болады: @astana_jastary және @ns_jastary. Сол сияқты WhatsApp +77471909693 нөмірі бойынша хабарласуға болады», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.

ЕЛОРДАДА ВАКЦИНА АЛҒАНДАР АРАСЫНДА АКЦИЯ БАСТАЛДЫ

Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алған қала тұрғындары үшін «Елім үшін егілемін» азаматтық компаниясының логосымен білезіктер тарату акциясы ұйымдастырылды.

Акция егу пунктері ашылған медициналық ұйымдарда және сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде өткізіледі.

Екпенің бірінші компонентін алуға келген азаматтар вакцинация пунктерінде медицина қызметкерлерінен білезік ала алады.

«Жақында біз екпенің алғашқы дозасын алуға келгендердің барлығына осындай білезіктер бере бастадық. Вакцинаның қай түрін алуға келгеніне қарамастан тұрғындардың бәріне бірдей кішігірім сыйлық үлестіріледі. Мұндай акцияларды ұйымдастыру вакцинацияның маңыздылығын жақсы көрсетеді деп санаймыз. Өйткені, «Елім үшін егілемін» атауының өзі ұжымдық иммунитет қалыптастырып, пандемияны жеңу үшін бүкіл ел екпе алуы керек екенін ерекше көрсетіп тұр», - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова.

Білезіктер аз мөлшерде болады және тегін таратылады. Аксессуарларды тарату осы апта бойы жалғасады. Вакцинация пункті қызметкерлерінен білезіктердің бар-жоғын анықтап, егер болса екпе алған кез келген адам ала алады.

«Бұл бастаманың жақсы екені сөзсіз, оны бірнеше ай бойы жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Біз осындай шағын сыйлық қала тұрғындарының өз азаматтық ұстанымын білдіргені үшін берілетін сый деп есептейміз», - деп толықтырды А. Рүстемова.

Бағалы сыйлықтардың ұтыс ойындары азаматтарды екпе алуға ынталандыру мақсатында өткізіледі. Сіздің жəне жақындарыңыздың денсаулығын қорғауға тек вакцина алу ғана мүмкіндік береді. Өйткені, басты мақсат - ұжымдық иммунитетті дамыту және бұрынғы карантинге дейінгі режимге оралу.

Сұхбат

PhotoRoom