Түркиялық компания Түркістанда жеделсаты өндірісін қолға алуды жоспарлауда

Рейтинг
11.12.2024, 20:18
Түркиялық компания Түркістанда жеделсаты өндірісін қолға алуды жоспарлауда

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қабылдауында «EsVilla Prefabik Hafif Çelik Yapı Sistemleri Ltd. Şti.» компаниясының бас директоры Ибрагим Тюйлю хабарлады.

Шетелдік кәсіпкер бұған дейін өңірдің делегациясымен Түркияда кездесіп, облыстың инвестициялық жағдайынан, әлеуметтік-экономикалық дамуынан хабардар болған. Сондықтан да Түркістанның әлеуетімен арнайы танысу үшін Қазақстанға сапармен келген.

Облыс әкімі түркі әлемі үшін Түркістанның алатын орны жайлы, инвесторларға көрсетілетін қолдаулар мен мүмкіндіктерден хабардар етті. Одан бөлек, өңірдің тарихымен таныстырды.

Өз кезегінде, Ибрагим Тюйлю Түркістанның тарихи-мәдени орындарын аралап, танысқанын, «Өндірістік паркке» арнайы барып, кәсіпкерлерге берілетін мүмкіндіктерді қарағанын және облыста жеделсаты өндірісін қолға алып, жедел жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Түркиялық кәсіпкердің айтуынша кәсіпорынға қазақ жастарын жұмысқа тартуға ниетті.

Кездесу соңында бауырлас елден инвесторларды кеңінен тарту, өңір әлеуетімен таныстыру мақсатында облыс әкімін Түркияға арнайы сапармен келуге шақырды.

Айта кету керек, жыл басынан Түркістан облысына  888,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта, «Өндірістік парк» аумағында инвесторлар тартып, жаңа кәсіпорындар ашу жұмыстары жалғасуда.

Осы бағытта Түркістан облысының делегациясы Түркияға арнайы барып, 5 қаласындағы 15 зауыт пен фабрикалардың жұмысымен танысты. Делегация құрамына Түркістан қаласы мен Сайрам, Ордабасы аудандарының кәсіпкерлері де енді.

Іссапар Стамбул қаласындағы кәсіпорындарды аралаудан басталып, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жолдар мен ғимараттарға арналған бояуларды өндіретін кәсіпорынмен алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасау туралы меморандумға қол қойды.

Коджаели қаласында Ордабасы ауданының әкімі желатин, кондитер өнімдерін шығаратын компаниялар мен трансформатор құрылғыларын өндіретін фабрикаларда болып, жұмыстарымен танысып, бірлескен меморандумға қол қойды.

Одан бөлек, түркістандық делегация «Түркі мемлекеттер Одағы» бас хатшысының орынбасары Мерей Мукажанмен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен түрлі салалардағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Облыс өкілдері Гедзе қаласында жұмысымен толығымен жасанды интеллект арқылы жүйелендірілген зауыттың жұмысымен, сондай-ақ Түркияда көп қолданылатын платформалармен танысты.

Іссапар нәтижесінде 9 меморандумға қол қойылып, енді өңірмен құрылыс, металл өнімдерін, кілем шығаратын, химиялық заттар мен косметикалар өндіретін, үздік бояулар мен трансформатор құрылғыларын өндіретін ірі компаниялар бірлесе жұмыс жасайтын болады.

Сұхбат

PhotoRoom