2025 жылы Қазақстан экономикалық ынтымақтастық ұйымында (ЭЫҰ) төрағалық етеді. Бұл туралы ұйымға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 28-ші отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу хабарлады.
Министр «Өңірлік көлік байланысы мен тұрақты дамуды ілгерілету» ұранымен өтетінін айтты.
Кездесуде ұйымға мүше мемлекеттердің өзара ынтымақтастығының негізгі бағыттары, елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, жоғары жылдамдықтағы жүк пойыздарын іске қосу, сауда көлемін ұлғайту секілді мәселелер көтеріліп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар, Қазақстан тарапы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ислам ұйымымен ынтымақтастықты дамытуды ұсынды.
Еліміз «жасыл» экономиканы дамыту, климаттың өзгеруіне қарсы күреске ерекше мән беретіндіктен, ұйымға мүше мемлекеттерді 2026 жылы Біріккен Ұлттар ұйымы аясында өтетін Өңірлік климат саммитіне белсене қатысуға шақырды.
40 жылға жуық тарихы бар ұйымның мақсаты мүше мемлекеттер арасындағы техникалық, экономикалық, мәдени ынтымақастықты дамыту, нығайту. Құрамына 10 ел мүшелік ететін ұйымға Қазақстан 1992 жылы қосылған болатын. Елімізден бөлек, Түрікменстан, Пәкістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Иран, Тәжікстан, Түркия, Ауғанстан кіреді.