Сеулде Орталық Азия Елшіліктерінің ұйымдастыруымен «Орталық Азия – Корея Республикасы» достық күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, дипломаттар, сарапшылар елдер арасындағы мәдениет, туризм салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын, аймақтың мәдени мұрасын сақтау бойынша ойларын ортаға салды.
Тараптар мемлекеттер арасындағы байланыс достыққа, әріптестікке негізделгенін алға тартып, қауымдастық түрлі іс-шаралар мен форумдар, көрмелер арқылы елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытып отырған айтты.
Кездесуде туризм саласындағы әріптестік талқыланып, қазақстандық тарап еліміздің туризм саласындағы әлеуетін, мәдени-тарихи мұралары мен Қазақстандағы туризмнің дамуы жайлы ақпарат берді.
Сондай-ақ, конференцияда Орталық Азияның мәдениеті мен табиғатының кереметтері таныстырылып, осы бағытта суреттер мен бейнематериалдар көрсетілді.
Ұйымдастырушылар осы іс-шара Орталық Азия мен Корея арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Одан бөлек, Сеулде Орталық Азия елдерімен мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастықтың жаңа тәсілдері талқыланған халықаралық семинар ұйымдастырылып, онда Қазақстанның Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов бұл бағыттағы еліміздің жетістіктерінен хабардар етті.
Қазақ дипломатының айтуынша биылғы жылы БҰҰ электрондық үкіметті дамыту жөніндегі жаһандық индексінде 193 елдің ішінен 24 орынды иеленген. Ал, цифрлық дамудың мүмкіндіктеріне сай онлайн қызметтер индексінде 10 орынды иеленген.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, кадр мәселесін автоматтандыру және меритократия қағидаттарын сақтау бойынша нақты тапсырмаларының нәтижесінде, мемлекеттік басқару жүйесі елімізде қарқынды дамып келе жатқанын алға тартты.
Халықаралық семинарға министрліктер мен ведомстволардың, академиялық топтардың, Орталық Азия, Моңғолия елдерінің өкілдері қатысып, бұл саладағы ынтымақтастықты C5+K форматында нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Семинарға қатысушылар жыл басында да Оңтүстік Кореяның Персоналды басқару министрінің Орталық Азия елдерінің елшілерімен кездесуінде де талқыланғанын айтып, бұл елдер арасындағы әріптестікті жетілдіруге деген ниеттің маңыздылығына тоқталды.
Тараптар кездесуде тұрақты даму, жаһандық сын-қатерлерге қатысты мәселелерге шешім табу, цифрлық транформацияны жетілдіру, басқа да бағыттардағы серіктестіктің негізгі салаларын анықтап, тікелей байланыс орнатудың маңыздылығына қатысты пікірлерімен бөлісті.