Елдер арасындағы транзиттік көлік және логистика салаларындағы бір жыл ішіндегі ынтымақтастықты қорытындылап, алдағы перспективаларды талқылау мақсатында Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстанның Көлік министрі Илхом Махкамовпен кездесті.
Тараптар автотасымалдаушылардың жұмысына қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды жаңғырту, екіжақты ынтымақтастықтың тиімділігі мен өзара сауда көлемін арттыру мәселелерін талқылады.
Одан бөлек, Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк тасымалдарын кеңейту де қаралды.
Кездесу соңында Бейбіт Атамқұлов пен Илхом Махкамов елдер арасындағы көлік инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына тоқталып, шекара маңындағы аймақтарда өткізу қызметін жақсартуға ерекше назар аударды.
Ақпараттық кеңістіктегі ынтымақтастықты дамыту мақсатында Бейбіт Атамқұлов Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаевпен кездесіп, екі ел арасындағы телеарналарды таратудың маңыздылығына, келесі жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын талқылап, бұл бағыттағы ынтымақтастықтың перспективаларын қарастырды.
Құрамында Қарағанды облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары мен «QazTrade» АҚ, «Сарыарқа» ӘКК және бизнес өкілдерінен құралған Қазақстандық делегация Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісімен бірлесіп Өзбекстанның Сұрхандария облысына жұмыс сапармен барды.
Сапар аясында аймақтар арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығы, ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп тауарларын жеткізудің негізгі бағыттары талқыланып, облыстар арасындағы ынтымақтастық туралы Жол картасына қол қойды.
Елші делегациямен бірлесе бірқатар өнеркәсіп қызметімен танысып, «QazTrade» АҚ «Airitom» АЭА-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қазақстандық дипломат Өзбекстанда қазақ тілінде басылып шығатын «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы Гуломзокир Юсуповқа екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін «Достық» орденін табыстады.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастардағы жаңалықтарды үнемі жариялайтын баспа басшысы Гуломзокир Юсупов Ташкент облысында дүниеге келіп, мемлекеттік университеттің журналистика факультетін бітірген. 2012 жылдан бастап «Нұрлы жол» газетін басқаруда.
Жалпы айтқанда, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып, салалар бойынша ынтымақтастық туралы келісімдер мен меморандумдарға қой қойылып, бірлескен кездесулер мен мерейтойлар тұрақты түрде атап өтілуде.
Мәселен, жақында қазақ әйелдері арасынан шығып, Өзбекстанда дәрігерлік қызметін жалғастырған, қауіпті дерттердің алдын алып, әйел дәрігерлерге барынша қолдау көрсетіп, біліктілігін арттыруға көмектескен Гүлсім Асфендияроваға арналған бірлескен халықаралық конференция мен фотокөрме ұйымдастырылғаны туралы жариялағанбыз.