Қытай – Қазақстанның басты серіктестерінің бірі. Ауыл шаруашылығы саласында елімізден экспорттың басым бөлігін дәнді және майлы дақылдар, өсімдік майларына тиесілі. Еліміздің бұл саладағы жетістігінің бірі – әлемдегі бидай экспорттаушыларының ондығына кіруінде және ұнды эскпорттауда жетекші орынға ие болуында еді.
Биылғы жылдың өзінде қазақстандық компаниялар Қытайға 1,1 млн тонна астық жөнелткен.
Өткен жылы қытайлықтарға астық жеткізу көлемі 1,4 млн тоннаға жеткен. Қазақстан мен Қытай мемлекеттер басшыларының шешімімен бұл көрсеткішті 2 млн тоннаға дейін жеткізу келісілген және елімізде ондай мүмкіндік бар.
Осы ретте, Үрімшіде Қазақстан мал және өсімдік өнімдерін экспорттау мәселелері талқыланған кездесу өтті. Оған Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, СҰАР партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй және Гонконг (ҚХР) Сауда және экономикалық даму министрі Алджернон Яу қатысты.
Үшжақты кездесуде қазақстандық өндірушілер Гонконгқа сиыр, қой, шошқа, құс еттері, жабайы аң етін, өсімдік шаруашылығы өнімдерінен майлы дақылдар, өсімдік майлары, ұн, астық, сүт өнімдерін жеткізуге мүдделі екендіктерін жеткізді. Дегенімен Гонконг тарапынан мал өнімдерін жеткізу бойынша туындаған мәселелер қаралды. Атап айтқанда әр өнімге байланысты қазақстандық тарап Гонконгтың ветеринарлық қызметімен хаттамалар жасауы тиіс. Бүгінде бұл бағытта Гонконгтың Азық-түлік қауіпсіздігі және қоршаған орта гигиенасы департаментімен бірлескен жұмыс басталды.
Одан бөлек, Қазақстан мен Қытай арасында 9 түрлі мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға хаттамаларға қол қойылған.
Бұл бағыттағы серіктестіктегі жақсы жаңалықтардың бірі – Қытай тарапынан құс тымауы мен аусыл бойынша енгізілген уақытша шектеулер алынды.
Екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық талқыланған маңызды кездесулердің бірі - Бейжіңде Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен Сауда және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға арналған бизнес өкілдерімен дөңгелек үстел болды. Бұл іс-шараға Қазақстаннан агроөнеркәсіп саласындағы 30 компания қатысса, олардың қатарында «Batu Agro» ЖШС, «EMS Agro» ЖШС, «Пионер» ПКК ЖШС, «Сей-Нар» ЖШС, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы және басқалар бар. Ал, Қытай тарапынан бұл саладағы 40 жетекші компания өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелде қытайлық инвесторларды қызықтыруы мүмкін ауыл шаруашылығы саласындағы бағыттармен қатар, инвесторларға берілетін мүмкіндіктер мен жеңілдіктер жөнінде ақпарат берілді. Келіссөздер қорытындысымен азық-түлік өндіруші қазақстандық компаниялар Қытайдың 10 компаниясымен 1 млрд доллардан астам меморандумдар мен келісімшарттарға қол қойды.
Оның ішінде, ең көп қаржыға құс өнімдерін шығаратын Қазақстандағы жетекші компания «Aitas.kz» ЖШС 100 млн долларға келісімшартқа қол қойды.
Ресми сапар аясында қытайлық серіктестермен ынтымақтастық туралы келісімге келген «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы болды. Мемлекеттік астық операторы болып табылатын ұлттық компания – астықтың ішкі нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз етеді, бұл бағыттағы тауар өндірушілерге қаржылық қолдау көрсетеді, астықты экспорттаумен айналысады.
«Beijing Xiong Ta Animal Husbandry» өкілдерімен кездесуде сүт фермасын салуға ниет білдірсе, «CITIC Construction» рапсты қайта өңдеу жобасын қолға алуға ниетті екені белгілі болды. Соңғы компанияға қант қызылшасын өңдеу жобасы ұсынылып, «CITIC Construction» қызығушылық танытты.
Сонымен қатар, жүргізілген келісімшарттардың нәтижесінде Jiangsu SOHO HoldingsGroup-пен 200 мың тоннаға жемдік арпаны жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды.
Қытайлық инвесторлардың Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай қызығушылығы артқан. Бұл туралы еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Гуандун провинциясының жетекші ауыл шаруашылығы компанияларымен кездесуінде мәлімдеді.
Соңғы 5 жылда елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау 5,4 млрд долларға жетсе, алдағы уақытта 10 млрд долларға жеткізу жоспарлануда. Қазақстанда жыл сайын 20 млрд ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілсе, қайта өндірілетін өнімдер 6 млрд құрайды.
Агроөнеркәсіптік кешен саласында қытайлық инвесторлармен бірлесіп бірқатар жобалар, атап айтқанда Түркістанда бие және түйе сүтін өңдеу және өндіру, Солтүстік Қазақстанда рапс майын өндіру жүзеге асырылған. Дегенімен құны 700 млн долларды құрайтын тағы бес инвестициялық жобаны қолға алу көзделуде.
Қытайлық инвесторлардың ауыл шаруашылығы бағытындағы ынтымақтастыққа қызығушылығының артуы, бұл Қазақстаға деген үлкен сенім мен еліміздегі инвесторларға берілетін мүмкіндіктердің нәтижесі дейді мамандар.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация Гуанчжоуда өткен 21-ші Қытай халықаралық ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесіне қатысып, ет және құс шаруашылығы өнімдерін, күнбағыс, рапс майларын, сусындар, ұн, бие мен түйе сүттерін, бал мен балмұздақтар және басқа да сапалы өнімдерін ұсынды.
Одан бөлек, көрме аясында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерге арналған форум ұйымдастырылып, бұл бағыттағы көрсетілетін қолдаулар талқыланды.
Бүгінде Қытайда аккредитациядан өткендер тізімінде 43 қазақстандық кәсіпорындар болса, тағы 10 кәсіпорын электронды порталда тіркелу сатысында тұр.
Екі ел арасындағы ауыл шаруашығы саласындағы ынтымақтастық одан әрі жалғаса бермек.