Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, мәдениет және туризм саласындағы жетістіктері Германияда таныстырылды

Рейтинг
17.12.2024, 17:28
Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, мәдениет және туризм саласындағы жетістіктері Германияда таныстырылды

Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 9,5 млрд долларды құраса, неміс инвестициясының көлемі 770 млн долларға жеткен. Бұл туралы Берлин Еуразиялық клубының (БЕК) 42-отырысында хабарланды.

Жыл сайын БЕК отырысы Берлин, Астана, Брюссельде өткізіледі. Жыл қорытындысы бойынша отырыс Берлинде ұйымдастырылды.

«Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық қатынастарды дамытуға арналған заманауи қаржылық құралдар» тақырыбында өткен БЕК отырысына Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, Федералдық экономика және климатты қорғау министрлігінің сыртқы сауданы қолдау және қаржыландыру басқармасының басшысы Герлинд Хекманн, саясат, бизнес, іскерлік қауымдастық өкілдері мен сарапшылар, жалпы саны 100-ге жуық адам қатысты.

Отырыста тараптар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың қыркүйегінде елімізге жұмыс сапарымен келген Федералдық канцлер Олаф Шольцпен жүргізген келіссөздер нәтижесіндегі уағдаластық аясында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады.

Өз кезегінде Олжас Сапарбеков Қазақстанда бизнес пен инвесторларды ынталандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардан, жеңілдіктер мен мүмкіндіктерден хабардар етті.

Елімізде инвестициялық заңнама жетілдірілуде дейді вице-министр. Бизнес үшін 14 арнайы экономикалық аймақ бар, Президент жанында шетелдік инвесторлар кеңесі жұмыс істейді, Астана халықаралық қаржы орталығы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді.  Үкімет жанында Премьер-министрдің бірінші орынбасары төрағалық ететін неміс инвесторларымен өзара іс-қимыл жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылған.

Одан бөлек, өткен жылы екі мемлекеттің қаржы орталықтары мен даму институттары кіретін бірлескен жобаларды қаржыландыру жөніндегі құрылған жұмыс тобының төртінші отырысы өткізіліп, нәтижесінде Lanxess компаниясы мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, AKA Bank пен Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған болатын.

Неміс компанияларының өнімдері елімізде үлкен сұранысқа ие. Былтыр Германиялық бірқатар компаниялармен ПВХ терезе профилдерін өндіру, құрғақ саумал мен қымыз өндіру, бақылау-өлшеу құралдарын құрастыру секілді жобалар жүзеге асырылса, бүгінде 10 жоба жүзеге асырылып, 24 жоба бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу қарастырылуда.

Одан бөлек, мемлекеттер арасындағы тығыз қарым-қатынастардың арқасында Германияда су тасқыны мен еліміздің су ресурстарын басқаруға бағытталған Су конференциясы өтті.

Еліміздің атынан Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов, Су ресурстары және суару вице-министрі Аслан Абдраимов, Төтенше жағдайлар вице-министрі Батырбек Әбдішев қатысып, шетелдік серіктестер, оның ішінде Германияның қолдауымен биылғы жылы орын алған су тасқынының зардабын тартқан елдімекендерді қысқа мерзімде қалпына келтіру мүмкін болғанын жеткізді.

Сонымен қатар, Қазақстанда су кодексінің жаңартылып, климаттың өзгеруіне бейімделуге, қоршаған ортаны қорғауға, саланы цифрландыруға қатысты өзгерістер енізілгенінен хабардар етті.

Конференцияға қатысқан Германия Парламентінің депутаты Манфред Грунд жаңадан қабылданған су кодексін жоғары бағалап, еліміздегі демократиялық өзгерістерді ерекше атап өтті.

Өз баяндамасында Аслан Абдраимов су қоймаларын басқару, дамбыларды күшейту, негізгі нысандарды жөндеу бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырып, бұл қабылданған шаралар елдімекендерді топан судан сақтап қалғанын жеткізді.

Ал, Төтенше жағдайлар вице-министрі бірлескен меморандумдар мен азаматтық қорғау және су тасқыны салдары аясындағы ынтымақтастықтың негізінде апатты жағдайда қолдау көрсеткен Германия тарапына алғысын білдірді.

Конференцияға қатысушылар суды үнемдеу, су пайдалануды реттеу, су тасқынының алдын алу, бұл салада цифрландыруды енгізу мен тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру бойынша бірлескен іс-қимылды талқылап, пікір алмасты.

Германияда өткен еліміз үшін маңызды іс-шаралардың бірі, Қазақстанның мәдениеті, тарихы мен дамуына қатысты неміс журналисі Кристиан Гроссенің ұйымдастыруымен өткен «Орталық Азияның таңғажайыбы – Қазақстан» тақырыбындағы іс-шара болды.  Германиядағы қазақстандық дипломат Нұрлан Онжанов еліміздің тарихы мен мәдениетінен, ерекше табиғаты мен қонақжайлылығынан хабардар етті.

Кездесуді ұйымдастырушы Кристиан Гроссе Елшінің айтқанымен толықтай келісетінін, Қазақстанға сапары барысында кездестірген қызықтары мен табиғатының әсемдігімен, бай мәдениетімен танысқанын айтып, қатысушыларды көзбен көруге шақырды.

Нұрлан Онжанов «Kazakhstan: Born Bold» жаңа медиа-кампаниясы аясында дайындалған бейнероликті қазақтың табиғатына қызыққан қонақтардың назарына ұсынып, еліміздің таулары мен байтақ даласын, әсем көлдері мен бай табиғатын көру үшін Қазақстанға келуге шақырды.

Осы тұрғыдағы іс-шаралар, кездесулер екі арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытып, Қазақстанның туристік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді дейді ұйымдастырушылар.

Елдің мәдени мұрасымен таныстыруға мүмкіндік беретін Дюссельдорфта өткен аты әлемге әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлерімен кездесуін ұйымдастыру болды.

Бұл кездесуде қазақ әншісінің жанкүйерлері тек Димаштың шығармашылығымен ғана емес, Қазақстанның мәдениетімен, бай табиғаты мен туристік мүмкіншіліктерімен, дәстүрлері мен көрікті, тарихи орындарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Бағдарлама аясында қазақстандық жас әртістердің би және музыкалық өнерлері мен  «Kazakhstan: Born Bold» жаңа медиа-кампаниясының бейнеролигін тамашалады.

Қазақстанның мәдениеті, тарихы насихатталған іс-шара Берлинде «Әлем ағашы - ғарыштық тәртіп - ертегілерден қиялға дейін» атты 35-ші ертегілер күндерінің фестивалінде жалғасты.

Қазақстандық Елшілік неміс оқушыларымен кездесіп, қазақтың балалар жазушыларымен, оның ішінде Баянғали Әлімжановтың «Мейірімді Асқар» ертегісімен таныстырып, қазақ ертегісінің сиқырлы әлемімен хабардар етті. Неміс балалары ертегідегі кейіпкердің мейірімділігіне сүйсініп, қазақ ертегілерінің алуандығы туралы ойларымен бөлісті.

Германияда Қазақстан таныстырылған тағы да бір іс-шара - «Future Now – Central Asia» музыка және кинофестивалі болды. Бұл фестивальде еліміздің атынан музыкалық мәдениетті таныстыруға Бекнұр Әбдіжалі, Айбол Ерлік, Жания Естайқызы мүмкіндік алды. Жас таланттар «Тарту» композициясын түрлі дәстүрлі аспаптарда, оның ішінде шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғы, су сылдыр мен даңғырада орындап, көпшілікті таң қалдырды.

Одан әрі фестиваль аясында кинотеатрда Орталық Азия елдерінің жас режиссерлерінің көркем фильмдерін көрумен жалғасты.

Фестиваль ұйымдастырудағы басты мақсат – елдер арасындағы мәдениет саласында тәжірибе алмасу, жастарға бірегей шығармашылық алаң құру болды.

Берлинде өткен фестиваль Орталық Азия – Еуропа арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытып, қарым-қатынастардың нығаюына септігін тигізді.

Сұхбат

PhotoRoom