Бүгін 70 жасқа толған Досхан Жолжақсынов «Отан» орденімен марапатталды

Мәдениет
07.10.2021, 10:45

Кинематографияны және театр өнерін дамытуға қосқан айрықша еңбегі үшін наградталды

Бүгін 70 жасқа толған Досхан Жолжақсынов «Отан» орденімен марапатталды

Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов «Отан» орденімен марапатталды.

«Ұлттық мәдениетті, кинематографияны және театр өнерін дамытуға қосқан айрықша еңбегі үшін Досхан Қалиұлы Жолжақсынов «Отан» орденімен наградталсын», - делінген жарлық мәтінінде.

Досхан Жолжақсынов 1951 жылы 7 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Балықшы кентінде дүниеге келген. Кеңестік және қазақстандық актер, кинорежиссер. Қазақстанның Халық әртісі (1994), Қазақстанның екі Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996 және 2016). Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі (1994).

Жолжақсынов театр мен кинода 200-ден астам кейіпкерді сомдады. Театрда ойнаған алғашқы рөлі – Х.Вахитовтың “Алтын көрсе періште жолдан таяды” спектакліндегі Қылышбек (1972).

Бұдан кейін орындаған рөлдері қатарында Сыматбек (Ж.Тәшенов пен И.М. Саввиннің “Қаладан келген қылжақбасында”), Сырым (Р.Сейсенбаев пен Е.Обаевтың "Өзімді іздеп жүрмінінде"), Қазақбай (Ә.Тарази мен Қ.Ысқақовтың "Апа, апатайында"), Сәмет, Ақан (Ғ.Мүсіреповтің "Қазақ солдаты" мен "Ақан сері – Ақтоқтысында"), Глумов (А.Н. Островскийдің "Адам аласы ішіндесінде"), Әзберген (Ә.Таразидің "Қндетінде", Қазақстанның Мемлекет сыйлығын, 1996; Түркі тілдес халықтар театрлары байқауының бас жүлдесі, Қазан, 1998), т.б. бар. Жолжақсыновтың актерлік өнеріне сезім тереңдігі, сахналық әрекет шынайылығы тән.

Актер халық әндері мен қазіргі композиторлар әндерін шебер орындаушы ретінде де танымал. Жолжақсынов – ұлттық кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан актерлердің бірі. Әскербек ("Гаһартаста", 1976), Хамит ("Даладағы қуғында", 1979), Мұрат ("Алтын күзде", 1979), Мұндызбай ("Ақ барыстың ұрпағында", 1984, соңғы екеуі "Қырғызфильмде"), Дәуір ("Омпада", 1997), т.б. рөлдері арқылы Жолжақсынов дарынды киноактер ретінде кеңінен танымал болды.

Сұхбат

PhotoRoom