Алтай Көлгінов қала жастарына сүйінші хабар жеткізді

Аймақ
07.10.2021, 10:58

Елордада жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

Алтай Көлгінов қала жастарына сүйінші хабар жеткізді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жастарға арналған «Elorda Jastary» атты арнайы тұрғын үй бағдарламасының іске қосылғаны туралы мәлім етті.

«Құрметті қала тұрғындары! Сіздерге айтар қуанышты хабарым бар! Елордада жастарға арналған «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосамыз. Жеңілдетілген әлеуметтік несиелендіру тұрғын үй бағдарламасы елорданың жас мамандарына арналған. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік, мәдениет және спорт салалары, жоғары оқу орындары мен ҒЗИ, полиция департаменті, ТЖД қызметкерлері, коммуналдық кәсіпорындардың бейінді қызметкерлері және т.б. арналған», - деп жазды қалап басшысы.

Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға Отбасы банкі мен 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Jastary» бағдарламасы көмектеседі. «Elorda Jastary» жастарға, соның ішінде тұрғын үй желісі бойынша толық қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, «Elorda Jastary» бағдарламасында білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты пайдалы өткізу және т.б. бағыттар бар.

«Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасына 35 жасқа дейінгі (35 жасты қоса алғанда, жұбайының/зайыбының жасы маңызды емес) жастар қатыса алады. Оған мынандай талаптар кіреді: қалада кемінде бір жыл тіркеулі, Отбасы банкте жинақ шоты бар, бағдарлама үміткерінің жеке тұрғын үйі болмауы тиіс (соңғы 5 жыл ішінде), ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем емес», - деп түсіндірді қала басшысы.

Айтуынша, аталған тұрғын үй бағдарламасына қатысушы тұрғын үй сатып алуға 18 млн теңгеге дейін қарыз ала алады. (жылдық 5% жеңілдікпен). Сатып алынатын тұрғын үйдің құны - шектеусіз. Қарыз 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Өтінімдерді қабылдау биыл- 14 қазанда басталады, qatysu.zhilfond.kz порталында жүзеге асырылады. Қатысушылардың санаттары, тұрғын үй алу талаптары мен алгоритмі бойынша қосымша ақпаратпен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ сайтында (zhilfond.kz) танысуға болады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін қатысушыларды іріктеу балдық жүйеге сәйкес басталады.

«Сонымен қатар, биыл Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасын жалғастырамыз. Осы бағдарлама аясында бір мыңнан астам жас баспаналы болады.

Мемлекет басшысы халыққа жолдауында азаматтардың қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй сатып алуына жағдай жасау мәселесіне назар аударды», – деп жазды елорда әкімі.

Сұхбат

PhotoRoom