Қазақстан Африка елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуде. Бұл жолы елімізге Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбало ресми сапармен келіп, салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Бұған дейін Қазақстанға Премьер-министр ретінде келгендіктен, Умару Сисоку Эмбалоның Президент ретіндегі елімізге алғашқы сапары еді.
Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алып, Құрмет қарауылының бастығы президенттерге рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды.
Одан соң Президенттер бір-біріне делегация құрамын таныстырып, алдымен шағын құрамда келіссөздер жүргізді.
Шағын құрамдағы келіссөздерде тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын талқылап, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика бағыттарындағы әріптестікті, аймақтық және халықаралық күн тәртібінідегі мәселелерді талқылады.
Гвинея-Бисау – Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктесі, - дейді Мемлекет басшысы.
Жер көлемінің шағын болғанына қарамастан 2 млн-ға жуық адамы бар Батыс Африкадағы мемлекетте ауыл шаруашылығы дамыған, климаты да қолайлы. Онда кешью, жаңғақ бейпіл, аса құнды ағаштар да бар. Әлемдегі ірі теңіз порттары да тынымсыз қызмет көрсетеді.
Тараптар бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты бекітіп, одан әрі дамыта түсетініне сенімді. Биыл Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 11 жыл болған. Осы аралықта елдер бірқатар салаларда, әсіресе экономика және сауда-саттықта ынтымақтастықты жолға қойған.
Президенттердің шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін Бірлескен мәлімдеме қабылдап, ресми делегация мүшелері бірқатар құжаттарға қол қойды. Оның ішінде дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату туралы келісім, саяси және дипломатиялық консультациялар туралы меморандум, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы брифинг өткізіп, ресми сапар аясында қол жеткізген келіссөздерден хабардар етті.
Мемлекеттер көлік-логистика саласында Батыс Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий көлік дәлізін ұштастыру мүмкіндіктерін қарастыруға келіскен. Білім саласында Мемлекет басшысы Гвинея-Бисау жастарын Қазақстанда білім алуды жалғастыруға шақырған.
Ауыл шаруашылығы саласы ынтымақтастықтың басты бағыты дейді екі мемлекеттің басшылары. Онда Қазақстан тарапынан дәнді-дақылдарды экспорттау мүмкіндіктері талқыланған. Одан бөлек, тау-кен және табиғи ресурстарды, атап айтқанда темір, боксит және басқа минерал кеніштерін, барлау, игеру бойынша бірлесе жұмыс істеу келісілген.
Ал әлемдік деңгейдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа қатысты елдердің ұстанымы ұқсас, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ынтымақтастық ұйымы аясында да бір-біріне қолдау көрсетіп келуде.
Келіссөздер соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау делегациясын елімізде келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырып, бұл іс-шара Қазақстанның экономикасы мен инвестициялық ахуалымен танысуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Умару Сисоку Эмбало Қазақстан Президентіне жылы қарсы алғаны үшін алғысын білдіріп, халықаралық ұйымдарды реформалауға қатысты ұстанымын қолдайтынын жеткізді.