Қазақстан мен Сербия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына – 28 жыл. Сербия еліміздің Балқан түбегіндегі маңызды серіктестерінің бірі ретінде түрлі салалардағы ынтымақтастық қарқынды дамуда.
Елдер арасындағы тікелей инвестиция көлемі артып, экономикалық, сауда, мәдени-гуманитарлық салаларда әріптестік дамыған.
Өткен айда Сербияға ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Сербия Президенті Александр Вучич қарсы алып, бірлескен келіссөздердің нәтижесінде 10 құжатқа қол қойып, бірқатар салаларда ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын айқындаған болатын.
Осы ретте, қол жеткізілген келіссөздердің жүзеге асырылу барысын талқылау мақсатында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Сербия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Владимир Йовичичпен кездесті.
Тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, саяси салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйін талқылап, негізгі бағыттарын қарастырды.
Сонымен қатар, Сербия Елшісі 2027 жылы Белградта өтетін ЭКСПО-2027 мамандандырылған халықаралық көрмесіне Сербия Президенті Александр Вучичтің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған ресми шақыруын тапсырып, еліміздің белсене қатысатынына сенім білдіретіндіктерін жеткізді.
Сыртқы істер министрінің орынбасары ресми шақырту үшін алғысын білдірдіп, келесі жылы Астанада өтетін Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дайындықты пысықтады.
Сондай-ақ, биылғы жылдың қыркүйегінде Роман Василенко Сербияға арнайы сапармен барып, Сербия Үкіметі мен Парламентінің ресми тұлғаларымен келіссөздер жүргізіп, Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия (ҮАК) отырысының жұмысына қатысқан болатын.
Қазақстан мен Сербия арасындағы мәдени байланыстардың нығайғанын Белградта «Ұлы Даланың мәдени мұрасы» атты этнографиялық көрменің ашылуынан да көруге болады. Екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, еліміздің тарихы мен мәдениетін, дәстүрі мен көшпелі елдің тұрмысын көрсетуге бағытталған көрменің ашылу салтанатына Сербия Президенті Александр Вучичтің жұбайы Тамара Вучич арнайы қатысты. Одан бөлек, Сербияның саяси тұлғалары, дипломатиялық корпус, академиялық және ғылыми топтар, мәдени қайраткерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Балқан түбегінде алғаш ұйымдастырылған көрмеде қазақтың қолөнері, музыкалық аспаптары, Алматы қаласының тарихы мен бүгіні көрсетілді.
Одан бөлек, осы елдегі Қазақстанның Елшісі Мәди Атамқұлов Белградты фашистік басқыншылардан азат етудің 80 жылдығына орай гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Онда Сербия Үкіметінің мүшелерімен қатар, дипломатиялық корпус, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Айта кету керек, осы қаланы азат етуге елімізде құрылған 73-ші дивизия қатысып, шайқаста хабарсыз кеткен 200-ге жуық қазақстандықтардың есімдері белгілі болған.
Еліміз үшін мәдениет саласындағы жетістіктердің бірі - «JoakimFest» халықаралық театр фестивалінде алғаш рет қазақстандық әртістердің өнер көрсетуі болды.
Қазақстан атынан Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры қатысып, адам бойындағы мінез-құлықты, мейірім мен қатыгездікті, елге, жерге, бауырларға деген сүйіспеншілікті, үлкендер мен жастар арасындағы байланысты көрсететін «Атау-кере» спектаклін көрермен назарына ұсынды.
Қазылар алқасының шешімімен қазақ әртістері «JoakimFest» ұйымдастырушылары атынан «Арнайы алғыс хат» дипломына ие болды.
Айта кету керек, фестиваль бастау алған сәттен бастап Сербияда 25 мемлекеттің жеті жүзден астам әртістері 150-ге жуық спектакль қойған.