Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы оқ-дәрілерді қалай жоятынын түсіндірді

Аймақ
14.10.2021, 14:48

Жару жұмыстары 13 қарашаға дейін жүргізіледі

Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы оқ-дәрілерді қалай жоятынын түсіндірді

Қорғаныс министрлігі инженерлік-саперлік бөлімшелерінің күшімен Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер фрагменттерін бақылап жару басталды. Жұмыс күн сайын дүйсенбіден бастап жұма аралығында ағымдағы жылғы 13 қарашаға дейін жүргізіледі. Бұл үшін адамдар жоқ таулы жерде әскери бөлім мен елді мекендерден алыста әскери бөлімнен 12 шақырымнан астам қашықтықта учаске белгіленді.

«Мамандар тобы жергілікті халық пен инженерлік-саперлік бөлімшелер жеке құрамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін таңдалған жер учаскесін толығымен зерделеді. Жергілікті атқарушы органдары мен жергілікті халыққа жару жұмыстарының жүргізілуі туралы алдан ала хабарланды. Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің қызметкерлерін тарта отырып, әскери полиция күшімен жару орнының айналасындағы аумақ қоршалды», - делінген ведомство хабарламасында.

Жару кезінде дыбыстық әсер болады. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіндегілер жүргізілетін жұмыстың жергілікті халық үшін қаупі жоқ екенін түсіндірді.

Айта кетейік, биыл 26 тамызда Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім аумағында болған өрт пен жарылыс кезінде 17 азамат қаза тапты. 1 адам хабар-ошарсыз кеткен. Қаза болғандардың арасында төтенше жағдайлар департаментінің, прокуратураның қызметкерлері мен әскери қызметшілер бар.

Сұхбат

PhotoRoom