Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға жазылған азаматтар инфрақұрылым тарту, жол салу, қоғамдық көлік жүргiзу мен аялдама орнату, көшелерді жарықтандыру және жер телiмiн заңдастыру сынды мәселелердi көтердi.
Азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарын жауапты сала басшыларымен бiрге мұқият тыңдаған Ғабит Әбдімәжитұлы айтылған мәселелер назарға алынып, заң аясында орындалатынын түсiндiрдi. Жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, дер кезінде орындалуын бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Айта кетейік, қалалық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жыл басынан бері 6455 өтініш түсті. Оның (71%) 4571 оң шешімін тауып, 1879 (28%) бойынша заң аясында түсініктер берілді. Осы аралықта фракция мүшелері, аудан әкімдері мен оның орынбасарларының, құқық қорғау органдары өкілдерінің, басқарма басшыларының қатысуымен 475 қабылдау өтіп, 2877 өтініш қаралды.