Министр аутизм орталығы мен мектеп жылыжайларына барды

Жаңалықтар
26.10.2021, 09:58

Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті және оңалту орталықтары мамандарының біліктілігін арттыру жоспарланып отыр

Министр аутизм орталығы мен мектеп жылыжайларына барды

Білім және ғылым министрі Алматыға жұмыс сапары барысында «Асыл Мирас» аутизм орталығына барып, балалар жасалған жағдай мен қолданылатын әдістемелермен танысты.

«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың денсаулығын нығайту және оларды дамыту үшін осындай орталықтарды ашудың қаншалықты маңызды екенін сөзбен жеткізу қиын. Б. Өтемұратов қоры есебінен көптеген маман мінез-құлықты талдау бойынша оқытудан өтіп, қазір балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсетіп жатыр.

Қазір біз аталған орталықтарды жеке ұйымдар ретінде ҚР БҒМ «Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасы туралы» бұйрығына енгіздік. Бұл әкімдіктерге осындай ұйымдарды ашып, оларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп жазды министр.

Министрдің айтуынша, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті және оңалту орталықтары мамандарының біліктілігін арттыру жоспарланып отыр.

«Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық-ғылыми практикалық орталығы» базасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту бойынша мектептердің қызметін үйлестіру жөніндегі ресурстық орталық ашылды.

Сондай-ақ инклюзияны қолдау кабинеттері мен ресурстық орталықтарды ашып, педагогтерді оқытумен айналысып жатқан «Дара», «Болашақ» қорларының және басқа да ұйымдардың зор үлесін атап өткім келеді», - деді ведомство басшысы.

Одан бөлек, министр «Жасыл мектеп» жобасы аясында іске қосылған мектеп жылыжайларына барды. Бүгінгі таңда Алматыда осындай 16 жылыжай жұмыс істейді. Бұл жерде оқушылар педагогтермен бірге көкөністер мен өсімдіктерді өсіре алады. Алдағы уақытта жобаны басқа өңірлерде де енгізу жоспарланып отыр.

«Қала мектептеріндегі мұндай жаңашылдық балаларды еңбекке баулып, экологиялық мәдениетін дамытады және мектеп кезінен бастап практикалық білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Сұхбат

PhotoRoom