Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы артуда

Рейтинг
24.12.2024, 21:19
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы артуда

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнап, екі елдің бас қалаларында Астана мен Бішкекте Елшіліктері ашылды.

Жыл санап елдер арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, мәңгілік достық пен одақтастыққа ұласты.

Жалпы, дана халық «қазақ, қырғыз – бір туған» деп бекер айтпаса керек.

Екі ел бірқатар ұйымдардың, атап айтқанда Экономикалық Ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының толыққанды мүшелері.

Биылғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға сапарында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, елімізде Қырғыз киносы күндері ұйымдастырылып, Жоғары Мемлекетаралық кеңестің алтыншы отырысына қатысқан болатын.

Екі мемлекет басшылары келіскен уағдаластық аясында ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 12-ші отырысында қаралды.

Бішкекте өткен отырысқа Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің Төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаров қатысты.

Онда сауда-экономикалық, энергетикалық, су ресурстары, көлік-логистика байланыстарын дамыту жолдары талқыланды. Елдер арасындағы тауар-айналымы 1,2 млрд доллардан асса, жақын ортада 2 млрд долларға жеткізу жоспарлануда. Үкіметтердің бірлескен шешімдердің нәтижесінде 2024 жылы суару маусымы өз деңгейінде өткізіліп, бұл отырыста осы қарқында бірлесе жұмыс жасау шешілді.

Кеңес отырысы бойынша Үкіметаралық кеңестің хаттамасына, ауыл шаруашылығын жеткізу жөніндегі жол картасы мен туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Қырғызстанда қазақстандық экспорттаушылардың сауда-экономикалық миссиясында 30 қазақстандық компания қырғыз кәсіпкерлерімен В2В форматында келіссөздер жүргізіп, тәжірибе алмасты.

Екі елден 80-нен астам компания өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Қырғызстан бизнес-форумы ұйымдастырылып, 8,2 млн доллардан астам 7 коммерциялық келісімге қол қойылды.

Ал, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Бішкекке ресми сапары аясында Жогорку Кенеш төрағасы Нурланбек Шакиевпен кездесіп, парламентаралық қатынастарды дамыту перспективаларын талқылады.

Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев қоғам, БАҚ және қазақ диаспорасымен кездесіп, жылды қорытындылап, атқарылған жұмыстарды баяндады.

Қазақ дипломаты халықтың әл-ауқатын, экономиканы дамытуға бағытталған реформалардан, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі салалары мен өзекті мәселелерін, сауда-экономикалық, мәдениет, ғылым, білім, су ресурстары салаларындағы қарым-қатынастың бүгінгі жай-күйімен таныстырды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық қарқынды дамуда. Түрлі форматтағы концерттер мен поэзия кештері, дөңгелек үстелдер мен семинарлар жиі ұйымдастырылып, екі елдің ғалымдары мен саясаткерлері жиі кездесіп, ортақ мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастыруда.

Өткен жылы Қырғызстанда Қазақстанның мәдениет күндері өтсе, биыл Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы мен Абай Құнанбайұлы ескерткішінің салтанатты ашылуы өтті.

Қазақ жазушысы Баянғали Әлімжановтың қазақ тіліндегі біраз кітаптарының тұсаукесері өткен.

Бұл кездесуде екі елдің ынтымақтастығының дамуына үлес қосып, қоғамдық өмірге белсене атсалысқан азаматтарға алғыс хаттар мен грамоталар табысталды.

 Қырғыз Республикасы Экономика және коммерция министрлігінің 100 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан Рәпіл Жошыбаев мемлекеттік мекемені айтулы мерекемен құттықтап, қазақ-қырғыз ынтымақтастығының негізгі бағыттарына, даму перспективалары мен жоспарланған жобаларға тоқталды.

Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаева бастаған қазақстандық делегация Қырғызстанда өткен Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогының отырысына қатысты.

Өткен жылы Орталық Азия әйелдері диалогына Қазақстан төрағалық етіп, «Өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес: тиімді және тұрақты бірлескен шешімдерді іздеу» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырған болатын.

Биыл қырғыз тарапы жаңашыл әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, инновациялық әлеуетін арттыру жолдарын қарастырды.

Келесі жылы аталған әйелдер диалогына Тәжікстан төрағалық ететін болады.

Рәпіл Жошыбаев бастаған елшілік Қырғызстандағы басқа да елдердің Елшіліктерімен тығыз қарым-қатынас жасауда. Соның бірі, қазақстандық дипломат Қырғызстандағы Өзбекстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі С.П.Ниязходжаевпен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-мәдени байланыстарды, басқа да салалардағы ынтымақтастықтың даму перспективалары мен бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.

Одан бөлек, Қазақстан Елшілігі Қырғызстанда қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысып, мәдени-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықты ілгерілетуде жұмыстар жүргізуде.

Бішкекте ұйымдастырылған түрікменнің ұлы ақыны және ойшылы Мақтымқұлы Фрағи шығармашылығына арналған халықаралық конференцияға қатысқан Рәпіл Жошыбаев, шығармашылығының қазақ халқына өте жақын екенін жеткізді.

Мақтымқұлы Фрағи шығармашылығының әлемге танымалдығымен, философиялық тереңдігімен қазақтың ұлы ақыны Абайға ұқсастығын алға тартты. Елшінің айтуынша түрікмен ақынының өлеңдері елімізде үлкен сұранысқа ие болғандықтан, бірнеше рет қазақ тілінде қайта басылған.

Сондай-ақ, Елшіліктер, халықаралық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қарттар үйінің тұрғындарына арнап жаңа жылдық көрмелік шара ұйымдастырылды. Онда қазақ дипломаты екі тілде салтанатты шараға қатысушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, қазақ-қырғыз бауырлас халықтар арасындағы достастықтың одан әрі дами беруіне тілектестік білдірді.

Балаларға арнап цирктік және театрланған қойылымдармен қатар, концерттік бағдарламалар қойылды.

Одан бөлек, Қырғызстандағы қазақ өкілдерінің ұйымдастыруымен Панфилов атындағы Казыбек Тілебалиев мектебі-интернаты тәрбиеленушілеріне арнайы құттықтау ұйымдастырылды.

Балалар үшін сыйлыққа тәттілермен қатар, қазақтың халық ертегілерінен құралған кітаптар берілді.

Мерекелік іс-шараға қатысқан «Уникум» Қырғыз әлеуметтік-медициналық колледжінің студенттері мен қазақ диаспорасының өкілдері концерттік бағдарлама қойып, балаларға жақсы көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар, мерекелік іс-шара, жаңа жылдық құттықтаулар дипломатиялық миссия қызметкерлерінің балаларына да ұйымдастырылды.

Елшілікте өткен жаңа жылдық жиында құттықтау тілектермен қатар, мерекелік бағдарлама, балаларға арналған түрлі ойындар мен сыйлықтар ұйымдастырылды.

Қорытындылай келе, қазақ-қырғыз ынтымақтастығы жыл санап дамып, сауда-экономикалық байланыстар кеңейе түсуде. Аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты ұқсас пікір қалыптасқан және түрлі халықаралық ұйымдарда елдер бір-біріне қолдау көрсетуде.

Сұхбат

PhotoRoom