Кореяда «Бауырлас ел Қазақстан» кітабының тұсаукесері өтті

Рейтинг
25.12.2024, 14:13
Кореяда «Бауырлас ел Қазақстан» кітабының тұсаукесері өтті

Оңтүстік Кореяда «Бауырлас ел Қазақстан» кітабының тұсаукесері өтті. Авторлары Кореяның Алматы қаласындағы бұрынғы Бас консулы Сон Чи Гын мен Чо Ын Джон.

Кітап авторлары Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты кезең-кезеңімен көрсетіп, еліміздің қонақжайлығы мен табиғатының кереметі, мәдениеті мен даму тарихын ерекше суреттеген.

Салтанатты іс-шараға іскер топ өкілдері, мәдени ұйым өкілдері, дипломаттармен қатар қазақ-корей бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Тұсаукесерде сөз сөйлеген Қазақстанның Кореядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрғали Арыстанов көпжылдық еңбектері үшін авторларға алғысын білдіріп, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы бұл кітаптың орны ерекше екенін атап өтті.

Нұрғали Арыстанов дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 30 жылдан астам уақыт аралығындағы және биылғы жылғы екі ел арасындағы ынтымақтастықтағы маңызды оқиғаларға тоқталды. Биылғы жылы Корея Президентінің Қазақстанға сапары, еліміздің бірқатар министрліктерінің Кореяға сапарлары ұйымдастырылды.

Соның бірі, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Кореяға ресми сапарында ірі компания өкілдерімен кездесіп, Алматы облысында көпбейінді аурухана салу, Қызылордада қоқыс өңдеу зауытының құрылысын, Қостанай облысында автокомпоненттер өндіру жобаларын талқылады.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақ делегациясы Кореяға ресми сапарлары барысында ірі энергетикалық компаниялар мен осы саладағы мемлекеттік органдармен кездесіп, мұнай-газ, энергетика, сауда, өнеркәсіп салалары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырған.

Осы және басқа да кездесулерге тоқталған дипломат, мұндай іс-шаралар елдер арасындағы ынтымақтастықты жоғары деңгейге көтеретініне сенім білдірді.  

Одан әрі сөз алған авторлар еңбекті жазуға он жылдан астам уақыт кеткенін айтады. Кітапты жазуға біріншіден қазақстандықтардың қонақжайлығы, бауырмашылдығы мен кеңпейілділігі шабыт бергенін айтты.

Ал, авторлардың пікірінше халықтар арасындағы дәстүрлер мен тұрмысындағы ұқсастықтар бауырлас халықтар екенін түсінуге мүмкіндік береді.

Тұсаукесерге қатысқандар Қазақстан мен Корея арасындағы әріптестікті одан әрі нығайту, бүгінгі байланыстары мен кітаптың шығуындағы маңыздылықты ерекше атап өтті.

Кореядан келген қуанышты жаңалықтардың бірі – Қазақстанның сол елдегі Елшілігінің қызметкері Руслан Қайрамбаев «Сеулдің құрметті тұрғыны» атағына ие болды.

38 жастағы Талғар қаласының тумасы Руслан Қайрамбаев былтыр жерасты автотұрағында өртенген көлікті өрт сөндірушілер келгенше сөндіріп, ірі апаттың алдын алғаны үшін Сеул қаласының әкімдігі арнайы атақтарын табыстаған.

Елшілік қызметкері сұхбатында Кореяда 1 жылға жуық өмір сүргенімен, 20 жылдан астам уақыт бойы корей тілін меңгеріп, қызығушылық танытқанын айтады.

Сеул әкімідігі Руслан Қайрамбаевқа орын алған оқиғаға бей-жай қарамай, ірі апаттың алдын алғаны үшін алғыстарын білдірді.

Бұл іс-шарада 16 шет ел азаматы «Сеулдің құрметті тұрғыны» атағына ие болды. Барша лауреаттардың атынан сөйлеген Елшілік қызметкері өзінің жасағанын ерлік деп емес, азаматтық міндет деп қарайтынын жеткізді.

Жалпы, аталған атақ Сеулдің дамуына үлес қосқан шетел азаматтарына беріледі және 1958 жылдан бастап мәртебені әлемнің 100 елінен 933 адам иеленген.

Сонымен қатар, желтоқсан айында Оңтүстік Кореяда мемлекеттік басқару саласындағы жаңа тәсілдерді зерттеуге бағытталған халықаралық семинар ұйымастырылды. Оған арнайы қатысқан еліміздің Кореядағы дипломаты Нұрғали Арыстанов елдегі мемлекеттік басқарудағы өзгерістермен, атап айтқанда биылғы жылы БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту жөніндегі жаһандық индексінде 193 елдің ішінде 24-ші орынды, ал онлайн қызметтер индексінде 10-шы орынды иеленгеніне көпшіліктің назарын аударды.

Одан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, кадр мәселесін автоматтандыру, меритократия қағидаттарын сақтау мәселелеріндегі жетістіктерден хабардар етті.

Сонымен қатар, халықаралық семинарда қызметтерді цифрландыру, кадрларды даярлау, жаһандық сын-қатерлерге шешім табу мен Орталық Азия елдері мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағыттары қаралды.

Жалпы, бұл іс-шараға мемлекеттік органдар, академиялық және іскерлік топтар өкілдері, Орталық Азия, Моңғолия, Оңтүстік Корея елдерінің өкілдері қатысты.

Сұхбат

PhotoRoom