Қазақстандық ғалымдар онкологиялық ауруларды диагностикалауға арналған ерітінді жасап шығарды

Аймақ
08.11.2021, 10:09

Бұл жаңашылдық елдегі медициналық қызметтің құнын төмендетуге мүмкіндік береді

Қазақстандық ғалымдар онкологиялық ауруларды диагностикалауға арналған ерітінді жасап шығарды

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары жатыр мойны обырын кешенді диагностикалау үшін ерітінді жасап шығарды.

Ғылыми қызметкерлер екі жыл бойы сауықтыру орталығының өкілдерімен бірлесе цитология саласында сұранысқа ие сұйықтық құрамын әзірледі. Нәтижесінде олар бұрын-соңды шетелден әкелінген отандық өнімді жасай алды. Енді ғалымдардың бұл жаңашылдығы медициналық қызметтің құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Өйткені ол қаржылық жағынан да, географиялық жағынан да қолжетімді болады.

Ғалымдардың айтуынша, ерітіндінің сапасы шетелдік аналогтардан кем түспейді.

«Біздің ғалымдарымыздың жасап шығарған туындысы импортты алмастыру мәселесін шешеді. Осы зерттеудің нәтижесінде биоматериалды сақтауға арналған бекітуші ерітіндінің оңтайлы құрамы жасалды. Бұл биоматериалдарды тұрақтандыруға және тасымалдауға мүмкіндік береді, яғни онкологиялық ауруды одан әрі диагностикалау үшін жатыр мойнына жақпа ретінде пайдаланылады. Бұл әзірлеменің бірегейлігі - қатерлі ісікті тез диагностикалау мәселелерін кешенді түрде шешу», — деді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Ұлттық ғылыми зертханасының кіші ғылыми қызметкері Айдана Имашева.

Айта кетейік, ғалымдар тобы өздері әзірлеген бекітуші ерітіндіге патент алды. Нәтижесінде бұл өнім Қазақстанның дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізіліміне енгізілді. Қазірг жоба коммерцияландыру сатысында. Сонымен қатар ғалымдар басқа да биологиялық материалдарды сақтау ерітіндісінің құрамын жақсарту барысында жұмыс істеуде.

Сұхбат

PhotoRoom