Түркітілдес мемлекеттер ынтымағының жаңа кезеңі басталды - Тоқаев

Саясат
18.11.2021, 18:32

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты

Түркітілдес мемлекеттер ынтымағының жаңа кезеңі басталды - Тоқаев

Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанның өз еркімен ядролық қару-жарақтан бас тартқан шешуші қадамы әлемдік қауымдастықтағы беделінің артуына зор үлес қосты деп есептейді.

«Келесі жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске 30 жыл толады. Осыған орай, елордамызда осы форумның VI саммиті өтеді. Бұл жиынды ұйымдастыру үшін Сыртқы істер министрлігі ауқымды жұмыс атқаруы керек. Біз бұл кеңесті біртіндеп құрлықтағы Қауіпсіздік және даму ұйымына айналдыруды көздейміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан дипломатиясын көптеген мәселені, тіпті, аса күрделі халықаралық түйткілдердің өзін мәміле арқылы шешуге мүдделі екенін айтты.

«Еліміз мемлекетаралық және азаматтық қақтығыстарды реттеу үшін бітімгерлік бастамалар ұсынып, арағайын болып жүр. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізіп, өркениеттер үндестігін орнатуға күш салуда. Осының бәрін шетелдік әріптестеріміз жоғары бағалап, жан-жақты қолдау білдіруде», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуразия құрлығындағы көпжақты құрылымдардың негізін қалаушы елдердің бірі екеніне назар аударып, еліміздің ұйымдар мен құрылымдардың жұмысын жандандыруға белсене атсалысып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар жуырда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің атауы өзгергенін атап өтті.

«Жақында бауырлас елдермен бірлесіп, Түркі кеңесін толыққанды ұйымға айналдырдық. Осылайша, түркітілдес мемлекеттер ынтымағының жаңа кезеңі басталды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Орталық Азиядағы шетел инвестициясының 75 пайызы еліміздің еншісінде екенін және осы бағыттағы жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайтынын атап өтті. Қазақстан Президенті пандемия кезінде шетелдегі мыңдаған азаматымызға тиісті көмек көрсетілгеніне тоқталып, дипломатиялық корпустың сыртта қалып қойған отандастарымызды елге алып келу үшін атқарған қызметін жоғары бағалады.

«Дипломаттарымыздың арқасында Қазақстанға гуманитарлық көмек жеткізілді. Біз де бірқатар мемлекеттерге қолдау көрсеттік. «Вакциналық дипломатияның» арқасында Орталық Азиядағы індетке байланысты ахуалды тұрақтандыруға үлес қостық. Түрлі қиындыққа қарамастан, сіздер алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді орындап келесіздер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әлемде қалыптасып отырған жағдайларға орай, сыртқы саяси жұмыс тәсілдерін қайта саралап, жүйелі шаралар әзірлеу керек екенін жеткізді. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің осындай ауқымды басқосуы соңғы алты жылда алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтіп, қордаланған түйткілдің бәрін мұқият талдап, ақылдаса отырып шешу қажеттігін айтты. 

«Бірінші сыртқы саясатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізіп, оның тиімділігін барынша арттыру. Қазір Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас, жалпы мемлекеттік стратегия жоқ деуге болады. Бұл – жүйелі сипаттағы мәселе. Сыртқы істер министрлігі тығыз мекеме-аралық үйлестіру жұмысын тиімді атқаруы керек. Мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс, өзара ықпалдастық әлсіз. Соның кесірінен елеулі кемшіліктер болып жатады. Оған қоса, ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиімді жұмыс атқарылмайды. Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстанға жолданған жүк Қытай шекарасында тұрып қалды. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсер етеді», – деді Мемлекет басшысы.

Президент экономикалық дипломатияны «қайта жандандыруды» екінші мәселе ретінде атады. Оның айтуынша, пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру үшін мемлекеттер арасында шетел инвестициясына талас күшейді. Сондықтан инвестиция тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын уәкілетті орган ретінде Сыртқы істер министрлігі бұл мүмкіндікті толыққанды пайдалану қажет.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайту үшінші әрі аса маңызды міндет екенін айтты.

«Біз осы аймақта ерекше мәртебеге ие екенімізді батыл мәлімдей білуге тиіспіз. Бұған толық негіз бар. Атап айтқанда, экономикамыз Орта Азиядағы басқа елдердің экономикасына қарағанда әлдеқайда қуатты. Біз Еуразиядағы басты көлік дәліздері тоғысқан геостратегиялық орталықта тұрмыз. Ауқымды экономикалық және демократиялық реформалар белсенді түрде жүзеге асуда. Зияткерлік және адами ресурсымыз бар, халықаралық қауымдастықтың алдындағы абырой-беделіміз жоғары. Осыған орай, Орталық Азияның тағдыры үшін Қазақстанға ерекше жауапкершілік жүктеледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Су дипломатиясы» жөніндегі келіссөздердің тезірек аяқталуы Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің және Ресей мен Қытайдың ортақ мүддесіне сай келеді деп санайды.

Президент әлемдегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнатуды төртінші мәселе ретінде атап өтті. Сондай-ақ еліміздің прагматизмге негізделген салмақты әрі салиқалы саясаттан еш айнымайтын, екіжақты және көпжақты міндеттемелерден бас тартпайтынын айтты.

«Осы ретте, мынадай маңызды ой-тұжырымдарды ортаға салғым келеді. Біз тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бір де бір келісімге жол бермеуіміз керек. Өйткені, осы қасиетті құндылықтар біз үшін бәрінен қымбат. Біз ең алдымен, Қазақстанның мүдделерін табандылықпен қорғауымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан дипломатиясының жаңа келбетін қалыптастыру, осы салаға тың серпіліс қажет екенін атап өтті.

«Білікті мамандардың Сыртқы істер министрлігінен кетуі оның кадрлық әлеуетін төмендетуде. Бұл – шын мәнінде, өзекті мәселе. Мен осы министрлік ең консервативті құрылымның бірі екенін білемін. Мұның жақсы жағы да бар. Дәстүр сақталады, кәсіби дипломаттар шоғыры қалыптасады. Дегенмен, жағымсыз жағы да жоқ емес. Білімді, білікті әрі елге адал қызмет еткісі келетін жастар үшін министрлікке жұмысқа тұру – «алынбас қамалдай». Бұл ахуалды түзеп, кадр саясатын түбегейлі қайта қарайтын кез келді. Дипломатиялық қызметке, ең алдымен, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет. Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз шетел тілдерін ғана емес, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарды жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстарды тың қарқынмен жалғастыру керек екенін айтып, дипломаттарымыз ел мүддесіне адал болады деген сенімін білдірді.

Сұхбат

PhotoRoom