2025 жылы Астана-Прага тікелей рейсінің саны артады

Рейтинг
25.12.2024, 20:31
2025 жылы Астана-Прага тікелей рейсінің саны артады

Қазақстан мен Чехияның ынтымақтастығы Чехия мен Словакия бөлінгенге дейін басталған болатын. Былтыр екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 30 жыл толуы аталып өтті. Соңғы 20 жылда Чехия елімізге 350 млн доллар инвестиция салған.

Сауда айналымы 2 есе артып, 630 млн долларды құраған. Ал, білім саласындағы әріптестіктің нәтижесінде 3 мың қазақ студенттері білім алуда.  

Екі ел арасындағы мықты қарым-қатынас пен жан-жақты әріптестік түрлі салалардағы ынтымақтастықты жетілдіре түсті.

Сол салалардың бірі – туризм. Чехияда туроператорлармен, бизнес өкілдерімен, мемлекеттік органдар қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, елдің туризм саласындағы әлеуеті таныстырылады.

Сондай кездесу Прагада жетекші туроператорлар, іскер қауымдастық өкілдері мен әуе билеттерін сатушы агенттіктердің қатысуымен ұйымдастырылды. Онда Қазақстанның Чех Республикасындағы Елшілігі «Born Bold» науқаны аясында еліміздің табиғаты бейнеленген бейнеролик көрсетіліп, Қазақстанның табиғи, емдік, тарихи орындары мен ескерткіштері, фототуризм мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.

Одан бөлек, екі ел арасындағы бұл бағыттағы ынтымақтастықтың нәтижесінде келесі жылдан бастап Астана-Прага бағыты бойынша аптасына 4 тікелей рейс жасалатын болады. Қатысушылардың назарына елімізде ашылатын жаңа терминалдың әлеуеті мен ондағы жаңашылықтар бойынша ақпарат берілді.

Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты арттыру, инвесторларға көретілетін қолдаулар мен мүмкіншіліктерден хабардар ету мақсатында ірі чех компаниялардың басшыларымен кездесу де ұйымдастырылуда.

Мәселен, авиация саласындағы әріптестікті нығайтып, бұл бағытта бірлекен жобаларды қолға алу мақсатында Бақыт Дүйсенбаев «PBS Group» чех компаниясының Вице-президенті Петр Чехалмен кездесті. Инженерлік компанияның өнімдері тікұшақтар мен ұшақтарда, энергетика мен қоршаған ортаны басқаруда қолданылады.

Қазақстандық Елші авиация саласындағы еліміздің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқтала отырып, бизнес үшін жеңілдіктерден хабардар етті. Сондай-ақ, 2025 жылы Қазақстанда өтетін  машина жасау және металл өңдеу бойынша VI Халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысуға шақырды.

Денсаулық сақтау саласындағы технологиялық мүмкіншіліктер мен жалпы ынтымақтастықты талқылау мақсатындағы кездесу лазерлік инфрақұрылым мен осы саладағы технологиялар мен инновациялар бойынша әлемдегі жетекші компания «Extreme Light Infrastructure (ELI) – Beamlines» халықаралық лазерлік зерттеулер орталығының басшылығымен өтті.

Нәтижесінде еліміздің тиісті мемлекеттік органдарымен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен келіссөздер жүргізу келісілді.

Сондай-ақ, Бақыт Дүйсенбиев қазақстандық кәсіпкерлермен ынтымақтастыққа мүдделі чех компанияларының басшыларымен де кездесіп, елдегі инвестициялық ахуалдың жай-күйі мен бизнес үшін берілетін артықшылықтар, штелдік инвесторларға арналған преференциялар бойынша ақпарат берді.

Еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері хабарланған жиын  Чех Республикасының экспорттық сақтандыру және кепілдік қоғамының («EGAP») Директорлар кеңесінің төрағасы Давид Хавличекпен өтті. Онда қазақ дипломаты Бақыт Дүйсенбаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың дамуы, инвестициялық мүмкіндіктер мен бірлесе жүзеге асыруға болатын жобалар бойынша ақпарат берді.

Кездесу қорытындысымен «EGAP» және Қазақстанның «KAZAKHEXPORT» экспорттық-кредиттік агенттігі арасындағы ынтымақтастықты дамыту келісілді.

Мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың жетістіктері «Қазақстан достары клубының» кездесуінде айтылды. Онда бұл саладағы ортақ бастамалар, жеткен жетістіктер мен жоспарлар туралы мәлімет берілді.

Биылғы жылдың көрсеткіштері ретінде Прагада қазақ кино күндерінің өтуі, Қазақстанның халық әртістерінің концерттерінің ұйымдастырылуын, Чехияда қазақ музейлер бірлестігінің көрмесінің ұйымдастырылуы мен ертегілердің чех тіліне аударылуы болды. Және де ең маңызды оқиға ретінде Пржевальский жылқыларын Қазақстанға қайта жерсіндіру жобасын атап өтуге болады.

200 жылдан кейін алғаш рет қазақ еліне оралған жабайы жылқылардың бұған дейін жетеуі әкелінсе, бүгінде тағы 40 жылқыны елге оралту жоспарлануда.

Кездесу соңында қазақ-чех қарым-қатынастарының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға, атап айтқанда тарихшы профессор Йиржи Шимаға, «Česke novinky» интернет басылымының бас редакторы Светозар Плесникке, сенатор Ярослав Дубраваға және  режиссер Галина Доценкоға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісі табысталды.

Прагада аккредиттелген Дипломаттар жұбайларының қауымдастығы халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Қазақ дипломаттарының жұбайлары жәрмеңкеге дәстүрлі тамақтар ұсынып, чех елінің Қазақстанның мәдениеті мен дәстүріне деген қызығушылығын арттырды.

Одан бөлек, қазақстандық студенттер өнер көрсетіп, қазақтың танымал әндері мен күйлері орындалды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен осыдан 2 жыл бұрын қолға алынған «Жастар тағылымдамасы» әлеуметтік жобасы аясында еліміздің жас көшбасшылары Қазақстанның Чехиядағы Елшілігінің жұмысымен, халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы рөлімен танысты.

Бұған дейін бағдарлама қатысушылары Ресей, Грузия, Қырғызстан, Әзербайжан елдерінде тағылымдамадан өтіп, білім, мәдениет, инновация, IT, қоғамдық қызмет салаларындағы озық тәжірибелермен танысқан болатын.

Прагаға сапарлары барысында үкіметтік емес ұйымдардың, қазақ диаспорасы мен студенттік ұйымдардың жұмысымен танысып, арнайы ұйымдастырылған концертке қатысты.

Сонымен қатар, Чехияда қазақ әншілерінің гала-концерті ұйымдастырылып, онда сол елдің саяси және мәдени қайраткерлері, дипломатиялық корпус, қазақ диаспорасы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Тағы да бір іс-шара Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаеваның қатысуымен Рудольфинум концерт залында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің концерті өтті.

Айман Мұсақожаеваның өнеріне тәнті болған чех халқы, ерекше қошемет көрсетті. Концертке италиялық пианистер Марко Скьяво, Серджо Маркеджани, Рафаэле Д'Анджело, талантты опера әншісі Мария Джулия Милано қатысты.

Петршин қалалық кітапханасында «Қазақ даласының ертегілері» кітабының тұсаукесері өтіп, чех балаларына қазақ ертегілеріндегі Ер Төстік, Алдар көсе, Жалмауыз кемпір бейнелері таныстырылды.  Оқушылармен қатар, мәдениет және білім министрліктерінің, мәдениет өкілдері мен қазақ диаспорасы, студенттер қатысқан шарада осы тұрғыдағы жобалардың екі ел арасындағы мәдениетті дамытудағы маңыздылығы, жастарға берер тәрбиесі мен Қазақстанның әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін, мәдениетін тануға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Оқушыларға арнайы Қазақстан туралы қызықты ақпараттар беріліп, қазақ мультипликаторларының «Шырақ» фильмі көрсетілді.

Таныстырылымға қатысқан қонақтар үшін арнайы ұлттық тағамдардан дастархан жайылып, ұлттық аспаптармен ән шырқалды.

Сұхбат

PhotoRoom