Қазақстан мен Латвия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылдың желтоқсанында орнады. Осы аралықта парламентаралық байланыстар дамып, екі елдің депутаттық топтары жұмыс жасауда. Түрлі халықаралық ұйымдардың отырыстары, саммиттер, форумдар аясында сыртқы істер министрлерінің кездесулері ұйымдастырылуда.
Астана мен Рига арасында бауырластық қарым-қатынас орнаған.
Латвия еліміздің Балтық өңіріндегі маңызды сауда серіктесі. Қазақстаннан мыс, тас көмір, бидай және басқа да заттар экспортталса, Латвиядан елімізге телефон аппараттары, дәрілік заттар мен мойынтіректер және басқа да заттар импортталады.
Білім саласында жоғары оқу орындарында оқу үшін мемлекеттік гранттар ұсынылады. Биыл 190 қазақ студенті авиация, медицина, көлік-логистика, инженерия бағыттары бойынша Латвияның университеттерінде білім алуда.
Мәдениет саласында екі елдің мәдениет қайраткерлері Қазақстан мен Латвия тарапынан ұйыдастырылатын түрлі байқаулар, фестивальдар мен концерттерге қатысуда.
Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінің бастамасымен «Kazakhstan Born Bold» туристік фотокөрмесі ұйымдастырылды.
Онда қазақстандық дипломат Дәурен Кәріпов тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жеткен жетістіктері мен саяси реформаларынан, еліміздің дамуы мен түрлі салалардағы жетістіктерінен хабардар етті. Сонымен қатар, «Born Bold» науқаны аясында Қазақстанның табиғаты, мәдени, тарихи, емдік орындары мен көркем ландшафтары таныстырылып, арнайы суреттер қойылды.
Еліміздің табиғаты мен туристік мүмкіндіктерімен Рига тұрғындары мен қонақтары, зиялы қауым өкілдері мен қазақ диаспорасы, Димаш Құдайбергеннің фан клубы мен «Riga Symphony-2024» Халықаралық фестивалінің қатысушылары танысты.
Фотокөрме қорытындысымен Қазақстан туралы туристік нұсқаулық келушілерге сыйлық ретінде таратылды.
Мәдениет саласына келетін болсақ, Дәурен Кәріпов Ригада ұйымдастырылған «Riga Symphony-2024» жас вокалшылардың кезекті 13-ші Халықаралық байқау-фестивалінде жүлделі орынды иеленген қазақ жастарын қабылдап, еліміздің мәдениетін насихаттаудағы үлестері үшін алғысын білдірді.
Қазақ дарындары «Фестиваль жеңімпазы» және «Folk Music» номинацияларында 2 гран-при, номинациялар бойынша үш бірінші орын және 5 алтын медаль иеленді.
Әлемнің 25 елінен 5-25 жас аралығында 200-ге жуық вокалшылар қатысқан байқауда еліміздің атынан 7-18 жас аралығындағы 5 жас қатысқан болатын.
Бұл қазақ жастарының бірінші жылғы жетістіктері емес. Бұған дейін де өнерлерін көрсетіп, бірнеше рет жүлдегерлер атанған болатын.
Одан бөлек, қазылар алқасы құрамында Қазақстанның атынан Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Дина Ниязова мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов болды.
Одан бөлек, Латвия астанасында «Мұрагер» фольклорлық ансамблінің «Ұлы Дала әуендері» атты салтанатты концерті өтті. Онда қоғам және өнер белсенділері, дипломатиялық миссия, бизнес және БАҚ өкілдері қатысты.
Әртістер қазақстандық және халықаралық композиторлардың туындыларын ұштастыра отырып, ұлттық аспаптарда туындыларын ұсынды.
Көрермендер қазақ мәдениеті мен өнеріне тәнті болып, алуантүрлілігіне таң қалды. Өнерпаздарға қошемет көрсетіп, алғыстарын білдірді.
Білім, ғылым саласында қазақ дипломаты жаратылыстану ғылымдарының дамуына, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуда қосқан үлесі үшін Латвия ғылым академиясының академигі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физика-математика ғылымдары институтының профессоры Алма Дәулетбековамен кездесіп, алғысын білдірді.
Дәурен Кәріпов Латвия ғылым академиясының Президенті Иварс Калвиншпен кездесіп, Қазақстан мен Латвия арасындағы ғылым саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
Фармацевтикалық саладағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында «Grindex» концернінің Басқарма төрағасы – химия ғылымдарының докторы Юрис Хмельницкиспен кездесіп, екі ел компанияларының фармацевтика саласындағы әріптестігін жалғастыруды талқылады.
78 жылдық тарихы бар «Grindex» Балтық елдеріндегі фармацевтикалық өнімдердің жетекші өндірушісі болып табылады және Қазақстан тарапы осы концерннің елдегі фармацевтика саласын дамытуға қатысуына мүдделі.
Елшілік қызметкерлері Рига Халықаралық әйелдер клубы (IWCR) ұйымдастырған халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысып, қазақ ұлттық тағамдарын ұсынды.
Сондай-ақ келушілердің назарына «Born Bold» науқаны аясында Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттауға бағытталған бейнеролик көрсетілді.
Сонымен қатар, қазақтың академигі Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай викторина өткізді.
Жәрмеңкеден түскен қаражат Латвияның қайырымдылық қорына берілді.
Спорт саласындағы ынтымақтастықты талқылау мақсатында Латвияның Тоғызқұмалақ Федерациясы мен «Logika» интеллектуалдық үстел үсті ойындары клубының басшысы Любовь Азимовамен, көшпелі зияткерлік спорт түрлері бойынша спортшы Карина Алексеевамен кездесті.
Латвиялық спортшылар Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысты пікірлерін білдіріп, ойынның көшпенділер мәдениетін жеткізе білуін жоғары бағалап, лавтиялық команда қола жүлдеге ие болғандарын айтты.
Жалпы, мемлекеттер түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында белсенді жұмыстар жүргізуде.