Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері Швецияда таныстырылды

Рейтинг
25.12.2024, 23:16
Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері Швецияда таныстырылды

Екі ел арасындағы парламентаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында Қазақстанның Швециядағы Елшісі Олжас Сүлейменов швед депутаттарымен кездесті. 

«Швеция – Орталық Азия» достық тобының төрағасы Бьорн Сёдермен және Швеция Парламентінің депутаты Маркус Вишельмен өткен кездесуде екі мемлекет арасындағы халықаралық ұйымдардағы өзара байланыстар, сауда-экономикалық әріптестіктің дамуы мен парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесуде биыл Стокгольм қаласында өткен Орталық Азияның инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған алғашқы бизнес-семинардың қорытындылары талқыланды. Онда Швецияның аталған аймақтағы Елшілері Орталық Азия мүмкіндігімен таныстыра келе,  швед бизнес қауымдастығын инвестиция жасауға шақырған болатын.

Осы ретте швед депутаттары еліміздің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, Швеция компанияларының Қазақстанға белсенді қатысуын талқылады.

Швеция Корольдігінің Сыртқы істер министрі Мария Малмер Стенергардпен кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сауда-экономикалық және инвестициялық даму перспективаларын, Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қатысты жоспарланған шаралар мен екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың бүгінін талқылады.

Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаментінің директоры Т.Тибергпен кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері мен келесі жылға арналған жоспарды қарастырды. Басты назар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға аударылды. Сондай-ақ, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі мәселелермен қатар, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.

Биылғы жылдың 8 айында Қазақстан-Швеция арасындағы тауар айналымы 218,2 млн долларды құраса, өткен жылы 467 млн долларға жеткен. Елімізден Швецияға күкірт, есептеу машиналары, соя бұршақтары, тас көмір, ферроқорытпалар мен алюминий экспортталса, Швециядан тракторлар мен ершікті тартқыштар, дәрілік заттар, жүк автомобильдері мен топырақ жұмыстарына арналған машиналар импортталады.

20 жылға жуық аралықта елімізге тартылған тікелей инвестиция көлемі 632,6 млн долларды құрайды. Қазақстанда 60-тан астам швед капиталы бар компаниялар жұмыс жасаса, соның 50-ден астамы белсенді жұмыс жасауда.

Осы ретте, елге тартылатын инвестиция көлемін арттыру, түрлі салалардағы ынтымақтастықты арттыру және Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында қазақстандық дипломат Олжас Сүлейменов швед ірі компанияларына арнайы барып, жұмыстарымен танысып, елдегі инвестициялық мүмкіндіктен хабардар етті.

Электротехника және энергетикалық машина жасау саласындағы әріптестікті талқылау үшін «ABB» ірі Швед кәсіпорнына барып, қызметімен танысты.

Қазақ дипломаты компанияның өндірістік қуатымен, өнеркәсіптік роботтар шығаратын зауытпен таныса келе, бұл мүмкіндіктерді еліміздің машина жасау, энергетика, тау-кен, металлургия жасау кешенінде қолдану қажеттілігіне тоқталды.  

35 жылдық тарихы бар швед-швейцариялық трансұлттық корпорация елімізде озық цифрлық шешімдерді енгізуге қызығушылық танытты. Әріптестік мәселелерін алдағы уақытта да талқылап, қарастыру үшін тұрақты байланысты ұстауға келісті.

Айта кету керек, компанияның өндіріс орындары әлемнің дамыған елдерінде, атап айтқанда Германия, Италия, Франция, Ресей, АҚШ, Қытай, Швейцария, Швеция және басқа да елдерде орналасқан.  

«Scania CV AB» швед жүк көлігі өндірушісінің штаб-пәтерінде болған Олжас Сүлейменов, Қазақстанның көлік-логистикалық мүмкіндіктерінен хабардар ете отырып, жүк автомобильдері нарығының дамуы мен елдегі жүк автомобильдерін құрастыру жобасын қолға алуға шақырды. Осы арқылы, отандық экономиканы дамытуды, жаңа өндіріс көздерін ашумен қатар, швед компаниясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы бизнесін кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстан нарығына 17 жыл алдын кірген компания жүк автомобильдерін, автобустар мен өнеркәсіптік және теңіз қозғалтқыштарын өндіреді.

Телекоммуникация жабдықтарын өндіруші «Ericsson» штаб-пәтерінде 5G технологияларын пайдаланудың жаңа технологияларымен, телекоммуникация жүйелерінің, базалық станциялардың эволюциясымен танысты.

Бұл саладағы елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жобалармен таныстырған қазақ дипломатының ақпаратын назарға алған компания өкілдері, Орталық Азия елдерінде қызметтерін кеңейту жоспарын жеткізді.

Швед экспорты мен инвестицияларын қолдайтын және ілгерілететін квазимемлекеттік ұйым болып табылатын «Business Sweden» компаниясының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Эрик Фрибергпен кездесуде энергетика, машина жасау, IT, ауыл шаруашылығы, коммуникация, энергетика, логистика, жасыл экономика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Мәдениет саласындағы ынтымақтастық негізінде Стокгольмда қазақстандық «Томирис»,  «Адемоканы тәрбиелеу» және «Бауырына салу» фильмдері көрсетілді.

Фильмдер көрсетіліміне мәдениет және өнер, қоғам қайраткерлері,  дипломатиялық корпус, қазақ диаспорасы мен Димаш Құдайбергеннің фан клубы мүшелері қатысты.

Жиналған қауым кино көрсетілімінің мәдени байланыстарды нығайтуға әсерін, сонымен қатар қазақ киносының өзіндік ерекшелігін атап, көрсетілімге ризашылықтарын білдірді. Одан бөлек, «Kazakhstan Born Bold» кампаниясы аясында еліміздің туристік мүмкіндіктері мен тарихы, мәдениеті таныстырылды.

Сұхбат

PhotoRoom