Қазақстан Елшілігі биылғы жылы еліміз мен Бразилия арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқынымен, жеткен жетістіктер мен түрлі форматтағы сапарлар, кездесулерімен бөлісті.
Мамыр айындағы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың Бразилияға жұмыс сапары барысында экономикалық кооперацияны дамыту, саяси консультацияларды тұрақты түрде өткізу, парламентаралық диалогты жандандыру мен екі ел арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты талқылады.
Сапар аясында Қазақстан-Бразилия саяси консультацияларының алтыншы отырысына қатысып, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, білім салаларындағы байланыстармен қатар, ядролық қаруды таратпау, терроризмге қарсы күрес, әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты Қазақстанның бастамалары мен ұстанымдары талқыланды.
«Қазақстан-Бразилия» парламентаралық достық тобының төрағасы Клаудио Кажаду бастаған делегация Қазақстанның Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспанмен кездесіп, парламентаралық қарым-қатынастарды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар, бразилиялық депутаттар Бразилия келесі жылы БРИКС ұйымына және СОР30 Климаттық конференциясына төрағалық ететінін атап өтіп, осы халықаралық іс-шаралар аясында бірлескен жұмысқа шақырды.
Қазан айында «Қазақстан-Бразилия» Іскерлік кеңесінің үшінші отырысы ұйымдастырылып, «Savanna Sementes» және «Copacol» компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған болатын.
Меморандум аясында «Savanna Sementes» Қазақстанда биологиялық соя өсіру жобасын жүзеге асыруы қажет. Осы ретте Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов компанияның Президенті Лусиано Феррер мен Қазақстанның Мату Гросу-ду-Сул штатындағы Құрметті консулы Алипио Оливейраның қатысуымен онлайн кездесу өткізіп, жобаның жүзеге асырылу барысын талқылады.
Бразилиялық кәсіпкер осы жобаны жүзеге асыру мақсатында Қазақстанға сапар жасау жоспарымен бөліссе, қазақстандық дипломат жәрдемдесуге дайын екендігін жеткізген. Сонымен қатар, Лусиано Феррерді келесі жылы елімізде өтетін «Қазақстан-Бразилия» Іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысуға шақырды.
Жыл бойы қазақстандық Елшілік әріптестік байланыстар орнату мақсатында түрлі компаниялардың басшыларымен кездесіп, қызметтерімен танысып, келіссөздер жүргізді.
Мәселен, чилилік «ME Elecmetal» компаниясының атқарушы директоры Евгенио Артегамен онлайн форматтағы кездесуде Қазақстанда болатты ұнтақтау денелерін (шарлар) өндіру жөніндегі инвестициялық жобаның іске асырылу барысын талқылады.
Сонымен қатар, компания басшысын 2025 жылы Қазақстанда өтетін Машина жасаушылардың халықаралық форумына және мамырда болатын Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Көлік-логистикалық саладағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Болат Нүсіпов «VP moving» компаниясының халықаралық тасымалдар жөніндегі Басқарушы директоры Ванесса Пачекомен кездесіп, Оңтүстік Америкадан елімізге жүктерді жеткізу мүмкіндіктерін, сауда порттарын пайдалану жолдарын талқылады. Елші сұхбаттасына елдегі экономикалық өсімнен, инвесторларға көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктерден, көлік-логистикалық артықшылықтарымен таныстырды. Сондай-ақ, кездесу соңында келесі жылы елімізде өтетін «Қазақстан – Бразилия» Іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысуға шақырды.
Сүт өңдеу мен дайын сүт өнімдерін бразилиялық технологияларды пайдалана отырып өңдеу бойынша ынтымақтастықты талқылау мақсатында «VALEZA» компаниясының басшылығы және Оризона қаласының әкімдігімен кездесті. Қазақстан Елшісі бұл салаладағы мемлекеттің жетістіктерімен қатар, инвестициялық мүмкіндіктер мен артықшылықтардан хабардар етті.
Сонымен қатар, кездесу соңында «Қазақстан-Бразилия» Іскерлік кеңесінің 4-ші отырысы аясында елімізге сапармен келуге шақырды.
Қазақстандағы электр жабдықтарын өндіру және мотор редукторларын құрастыру жөніндегі инвестициялық жоба бразилиялық «WEG» компаниясының Басқарушы директоры Сергей Мущенкомен қаралды. Бұл компанияның қатысуымен бүгінде Алматыда «WEG» сервис орталығының жұмысы жасаса, Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетінде Қазақстандағы алғашқы электр жетектерінің зертханасы ашылды.
Болат Нүсіпов Бразилияның қорғаныс өнеркәсібінің жыл сайынғы «BID Brasil 2024» көрмесіне қатысып, «Condor» компаниясының Басқарма төрағасы Фредерико Агиармен, «Embraer» компаниясының халықаралық істер жөніндегі Вице-президенті Хосе Сарадормен екіжақты келіссөздер жүргізді.
Денсаулық сақтау саласындағы «FORUS DATA» қазақстандық жобасы «Grupo Sabin» компаниясының Президенті Лидия Абдалламен кездесуде таныстырылды. Бұл жоба онкологиялық және басқа да ауыр аурулардың ерте алдын алуды және диагностика жасауды көздейді.
Компания президенті жобаға қызығушылық танытып, бұл бағыттағы ынтымақтастықты арттыру жолдарын талқылады.
Құрылғанына 40 жыл болған компания жылына 7 млн адамға қызмет көрсететін Латын Америкасындағы алғашқы ұйым ретіне саналады.
Сондай-ақ, бразилиялық «Altona» компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Азия бойынша өңірлік директоры Вагнер Чугасчи Жуниормен кездесуде елдегі инвестициялық ахуал мен мүмкіндіктермен қатар, болат құю және өңдеу өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты талқылады.
Биылғы жылы 100 жылдығын атап өтетін компанияның 1500-ден астам қызметкерлері бар және 25-тен астам елдерде ірі жобаларға қатысады.
Оңтүстік Америка елдерімен саяси-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық ынтымақастықты кеңейту, мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестікті дамыту мәселелері қаралған жиын Оңтүстік Америка елдеріндегі Құрметті консулдары және құрметті консулдарына үміткерлерімен өтті.
Онлайн кездесуде келесі жылы Қазақстанда өтетін Астана халықаралық форумына өз елдерінің кәсіпкерлерінің бару мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.
Кездесуге қатысушылар 2025 жылға арналған жоспарларымен бөлісіп, ойларын ортаға салды.
Қазақстан Елшілігінде «Қазақстан-Бразилия» Достық форумының жылдық отырысы мен журналистерге арналған брифинг ұйымдастырылды. Онда Елші Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы негізгі аспектілер мен олардың жүзеге асырылу барысынан, Достық форумы тарапынан атқарылған жұмыстар мен алдағы жылға жоспарынан және «Kazakhstan: Born Bold» ақпараттық науқанынан хабардар етті.
Болат Нүсіпов биылғы жылы Қазақстан-Бразилия қарым-қатынастарының даму қарқыны мен жеткен жетістіктерін баяндап, алдағы бірлескен жобалар мен тартылатын инвестиция көлемі жайында ақпарат берді.
Жылды қорытындылау мақсатында өткен жиында Достық форумының Вице-президенті Кассиано Перейра Виана, Форумның Атқарушы директоры профессор Эдельсио Америко баяндама жасады.
Кездесу соңында қазақ Елшісі «Қазақстан-Бразилия достық форумының» мүшелеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Мәдениет саласында қазақтың белгілі ғалым-геологы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция, Наурыз мерекесіне орай танымал «Nomad Threads» брендінің сән көрсетілімі, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы кітабының «Хан Кене» қорытынды үшінші томының тұсаукесері өтті.
Айта кету керек, бұған дейін кітаптың бірінші томы «Алмас қылыш» бразилиялықтарға 2022 жылы, екінші томы «Жанталас» 2023 жылы таныстырылған болатын.
Тәуелсіздік күніне орай өткен басылымның тұсаукесеріне дипломатиялық корпустар, халықаралық ұйымдардың басшылары, мәдени мекемелердің қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кітаптың тұсаукесеріне келген арнайы қонақтар Ілияс Есенберлин шығармаларының қазақ әдебиетінде алатын орнына және шығарманың ұлттық сана мен патриотизмге әсерімен бөлісті.
Сондай-ақ, қазақ Елшілігі жанындағы «Қазақ тілі мен әдебиеті достарының клубы» аясында балаларға арналған танымдық іс-шара ұйымдастырылып, ұлттық ою-өрнектер жасау, оларды түрлі бұйымдарда қолдану бойынша шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.
Жалпы Елшілік 2024 жылды қорытындылай отырып, алдағы жылы да бірлескен тығыз ынтымақтастыққа сенім білдірді.