Қазақстан мен Израиль арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар осыдан 32 жыл алдын құрылып, осы уақыт аралығында тұрақты түрде Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар, халықаралық ұйымдар мен форумдар аясындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда.
Еліміз Израильдің озық технологияларына, ал Израиль тарапы қазақстандық азықтар мен энергия тасымалдауларына қызығушылық танытуда.
Түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында кездесулер тұрақты түрде өткізілуде. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті талқылау мақсатындағы кездесу Израильдің Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі министрі Ави Дихтермен және «Волкани» ауылшаруашылық зерттеу Орталығының Академиялық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Хинанит Колтаймен өтті.
Қазақстан Елшісі Дәулет Ембердиев ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында атқарылған жұмыстардан, қолға алынған жобалар мен инвесторлар, жалпы бизнеске көрсетілетін қолдаулардан хабардар етті.
Дипломат Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстанның ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алғашқы форумынан хабардар етіп, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру, бұл бағыттағы озық технологияларды енгізу, экспорттық әлеуетті нығайту мәселелері көтерілгенін айтты.
Кездесуге қатысушылар елдегі ауыл шаруашылығын дамытуда атқарылған жұмыстарға жоғары бағаларын беріп, бірлескен бастамаларды қолдайтындарын жеткізді. Елші «Волкани» ауылшаруашылық зерттеу Орталығының жұмысымен танысып, өсімдік, мал шаруашылығы саласындағы тәжірибелерін көрді.
Дін саласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Ізгі ниет Елшісі болып сайланған Иерусалим Патриархы ІІІ Феофилмен кездескен Елші, оған куәлігін ресми түрде табыстады.
Инвесторларды тарту мақсатында Израильдің бизнес қауымдастығымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда Дәулет Ембердиев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуынан, жеткен жетістіктері мен саяси реформаларынан хабардар ете отырып, инвесторларға көрсетілетін мүмкіндіктермен таныстырды.
Президент тапсырмасымен елде ашықтықты арттыруға, инвесторларды қорғауға, тікелей шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған жобалардан хабардар етті.
Бұл жиында Израиль сауда палаталары федерациясының вице-президенті Сарит Фишбане, Израиль-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасы Бас директорының орынбасары Санжар Арынбаев баяндама жасап, кәсіпкерлер екі ел арасындағы ынтымақтастық бойынша пікірлерін білдірді.
Сыртқы істер министрлігінің Бас директорының орынбасары – «MASHAV» Даму саласындағы халықаралық ынтымақтастық агенттігінің басшысы Эйнат Шлейнмен кездесуде «KazAID» халықаралық даму агенттігінің қызметі, еліміздің халықаралық даму саласындағы рөлі, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуы мен жетістіктері қаралды.
Тель-Авивте Мемлекет басшысының Жолдауы халықаралық сарапшыларға, ғылыми-академиялық, іскерлік топтардың басшылары мен БАҚ өкілдеріне таныстырылды.
Дәулет Ембердиев Жолдаудың негізгі аспектілерімен, инвестициялық ахуалды жақсарту, әлеуметтік-экономикалық прогресс, инфрақұрылым мәселелерін шешу, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мен сот, құқыққорғау саласындағы ашықтық бойынша алған қойған міндеттерден хабардар етті.
Израильдік сарапшылар Жолдаудың негізгі бағыттарымен таныса келе, халықтың жағдайын жақсартуға бағытталғанын айтып, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді шешудегі Қазақстанның белсенді рөліне ризашылықтарын білдірді.
Назаретте өткен Араб Кеңесінің Халықаралық істер жөніндегі 10-шы конференциясында инвестициялар, инновация, цифрландыру, бизнес салалардағы Қазақстанның жетістіктері мен мүмкіндіктерінен хабардар етті.
Туризмді дамыту, Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимді орнату мәселелері Израиль аймақтық ынтымақтастық министрлігінің Бас директоры Гилад Шадмонмен кездесуде айтылды.
Қорыта айтқанда, барлық саладағы байланысты нығайту мақсатында тұрақты жұмыстар жүргізілуде.