Баршамызға белгілі Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Сондықта да қазақ халқының бұл елге деген құрметі ерекше. Тәуелсіздік алғаннан бастап елдер бір-бірінің бастамаларын толығымен қолдап, түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытуда.
Қазақстан мен Түркия түркі мемлекеттері Ұйымының негізін қалаушы елдер.
Өткен жылдың көктемінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде осыдан 2 жыл бұрын жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Газиантеп провинциясының Нұрдағы ауданына еліміздің атынан мектеп салу ұсынысын айтқан болатын.
Бүгінде сол ұсыныс жүзеге асып, мектептің іргетасы қаланып, салтанатты рәсімге Түркиядағы қазақ дипломаты Еркебұлан Сапиев, Газиантеп провинциясының губернаторы Кемаль Чебер, қала тұрғындары мен оқушылары және мектеп құрылысының операторы болып табылатын «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі өкілдері қатысты.
Жеті мыңнан астам шаршы метрді құрайтын 960 орындық мектептің жобасын түрік тарапы өзі жасаса, барлық қаражат пен құрылыс Қазақстаннан жүзеге асырылуда. Мектепте 36 сынып, амфитеатр, дене шынықтыру залы, асхана бар. Бастысы, жер сілкінісіне төтеп беру бойынша арнайы тексерістен өткізілген мектепті 2026 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Бұл елде Қазақстанның саяси-экономикалық, инвестициялық мүмкіндіктерін бизнес арасында талқылау жолға қойылған. Жақында Елші Еркебұлан Сапиев «LC Waikiki», «TAV Airports Holding», «Alarko Holding» және басқа да ірі компаниялардың басшыларымен кездесу өткізіп, елдегі инвестицияны қолдауға бағытталған саясаттан, жаңа жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерінен хабардар етті.
Бүгінде түріктер көлік-логистика, өнеркәсіп салаларында 500 млн доллар инвестиция салуды жоспарлауда.
Ал шетелдік инвесторларға Елшілік тарапынан қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жетізді.
Одан бөлек, Анкарада Түркияның зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдар басшылығы, провинция губернаторы мен жоғары оқу орындарының ректорлары қатысқан Қазақстан-Түркия ынтымақтастығына арналған дөңгелек үстел өтті.
Онда тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастың бүгіні мен перспективаларын, бұл бағыттағы жоспарларын, халықаралық аренадаға рөлдері мен халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимылдың жүзеге асырылу барысын талқылады.
Қазақстан-Түркия ынтымақтастығына арналған дөңгелек үстелде Президент Жолдауының негізгі аспектілері, саясат, бизнес, адам құқықтары мен бостандықтары, цифрландыру, медицина, білім, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика салаларындағы еліміздің реформалары қаралды.
«Born Bold» науқаны аясындағы Қазақстанның туристік әлеуеті, табиғи сұлулығы мен емдік, тарихи, мәдени орындары таныстырылды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар еліміздің сыртқы саясаттағы белсенділігін, халықаралық қатынастардағы ерекше рөлін атап, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары бойынша ұсыныстарын берді.
Еркебұлан Сәпиев Түркияның зиялы қауым өкілдері мен журналистерімен кездесіп, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауынан, елдегі адам құқықтары, индустрияландыру және басқа да реформалардан хабардар етті.
«Born Bold» науқаны аясында Қазақстандағы туризмнің дамуы мен табиғаты таныстырылды.
Қазақстандық Елші білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Гази университетінің ректоры Угур Уналмен кездесіп, университеттің елімізде филиалын ашу бойынша жүргізілген жұмыстармен танысты. Одан бөлек, білім саласындағы қарым-қатынастарды нығайту бағыттары, Гази университетінде оқитын қазақ студенттерінің санын арттыру, білім беру мекемелері арасында тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарады.
Ынтымақтастықты дамытуға арналған бірлескен шаралар жалғасын табады дейді Елшілік қызметкерлері.