Президент жұмыс сапармен Санкт-Петербургке барды

Рейтинг
26.12.2024, 21:45
Президент жұмыс сапармен Санкт-Петербургке барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласына жұмыс сапармен барып, ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты.

Жыл соңында ұйымдастырылған басқосуға келген алты мемлекеттің басшылары өзара ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен Ұйым қызметінің басым бағыттарын, алдағы жоспарын талқылады.

Кездесуде басымдық көлік-логистика, қазбалы байлықтарды өңдеу және игеру, басқа да халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты дамытуға бағытталды.

Қазан айында Мәскеуде өткен ТМД ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында ұйымға төрағалық еткен Ресейдің жұмысы қорытындыланып, нәтижелі жетістіктер айтылды.

Сонымен қатар, 2025 жылы ұйымға Тәжікстан төрағалық ететін болады.

Одан бөлек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге сапары барысында Ленинград облысында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысына қатысты.

Сондай-ақ, саммитке Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, бейнебайланыс арқылы Армения Премьер-министрі Никол Пашинян қатысты.

Отырыста Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланып, Ұйым қызметінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Қатысушы елдердің Президенттері экономикалық интеграция жұмысын қорытындылап, келесі жылға жоспарды талқылады.

Ұйымға мүше мемлекеттер арасында сауда айналымын арттыру міндеттері тұр дейді сарапшылар. Бұл кездесудің өзі осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, сауда келісімдеріне қол қою мақсатында өткізілуде.

Алдымен шағын құрамда, кейіннен кеңейтілген құрамда өткен кеңестің күн тәртібіндегі тағы да бір маңызды мәселелердің бірі – ұйым қатарына нарығы ауқымды Иран Ислам Республикасын қосу болды.

Кеңейтілген құрамдағы жиынға қатысушы мемлекеттердің саны да артты. Саммит жұмысына Өзбекстан Президенті  Шавкат Мирзиёев,  Иранның Өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Мохаммад Атабак, Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев қосылып, Куба Президенті Мигель Диас-Канель Бермудес бейнеүндеу жолдады.

Олар одақ қызметімен қатар, интеграциялық үрдістерді дамыту мәселесін талқылады.

Сонымен қатар, отырыс соңында делегация басшылары бірқатар құжаттарға қол қойды.

Сұхбат

PhotoRoom