ШЫМКЕНТ: ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БРИФИНГ ӨТТІ

Жаңалықтар
29.03.2022, 16:55
ШЫМКЕНТ: ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БРИФИНГ ӨТТІ

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Шымкент қаласының бас имамы Абдрахманов Бақдәулет Нұрматұлы және бас имамның орынбасары Естеміров Мұхамеджан Жамантайұлының қатысумен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде бас имам Рамазан айының ережесі мен тәртібі, мешіттерде тарауих намазының оқылу шарттары бойынша сөз қозғады.

– Рамазан – барша мұсылманның сағына күтетін қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған мүбарак ай. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Шариғат және пәтуа» бөлімі биылғы Рамазан айының нақты уақытын бекітті. Ол бойынша Оразаның бірінші күні 2 сәуірге тура келеді. Ал алғашқы тарауих намазы 1 сәуір күні оқылады. Мешіттерде тарауих намазы жамағат болып оқылады. Дегенмен санитарлық талаптарды сақтай отырып, уағыз-насихат офлайн және онлайн режимде өтеді, – деді Бақдаулет Нұрматұлы.

Бас имамның айтуынша, қаладағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты Хатым Құран мешіттерде онлайн және офлайн түрінде оқылады.

Брифинг барысында бас имамның орынбасары Мұхамеджан Жамантайұлы ораза уақытында пітір садақа беру мәселелеріне тоқталды.

– Рамазан айында барша мұсылман ораза ұстап, таң сәресінен күн батқанша түрлі жаманшылықтан өзін тыяды. Яғни пітір садақа мен зекет беріп, жақсылыққа ұмтылады. Бұл ретте карантин режимінде биылғы оразада Шымкент қаласы бойынша 66 мешітте ауыз ашар беру рәсімі өткізіледі. Сол себепті пітір садақа «Рамазан қоржынына» салынып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік түрінде жеткізіледі. Сонымен қатар биыл «Зекет және қайырылымдылық» қоры тарапынан «Рамазан тәттісі», «Ауыз ашар себеті», «Рамазан шатыры» деген акциялар ұйымдастырып жатырмыз, – деді М.Естеміров.

Айта кетейік, елімізде осы жылғы пітір садақа көлемі – 500 теңге. Бұл 2 келі ұнның орташа бағасына сәйкес келеді. Ал фидия құны 3000 теңге деп бекітілген.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Сұхбат

PhotoRoom