«Казцинк» ЖШС кәсіпорнында «Жұмысшы мамандықтарын дамыту: перспективалар мен мүмкіндіктер» тақырыбында болашақ жас мамандармен кездесу өтті.
Бұл кездесу Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау туралы бастамасын іске асыру, сондай-ақ өңірде жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мен қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесіне реформа жасау қажеттігін атап өткен еді:
Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор болу идеясын насихаттаймыз, – деді Президент.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазерев, білім басқармасының өкілдері, жас мамандар мен колледж студенттері қатысты.
Кездесуде жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, білім беру мекемелері мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық, жастар арасында кәсіптік білім беруді насихаттау сияқты маңызды мәселелер қозғалды.
«Казцинк» ЖШС өкілдері компанияның жас мамандарға жасап жатқан мүмкіндіктері туралы айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Жас мамандар Жансая Жанболатова, Аян Самигуллинов және Владислав Смирнов өндірістік тәжірибе мен теориялық білімнің үйлесімділігін атап өтті.
Кәсіпорында еңбек етіп жатқан жұмысшы мамандардың орташа жалақысы 700 мың теңге шамасында. Бұл жұмысшы мамандықтарын меңгерудің болашағы зор екенін көрсетеді.
«Казцинк» компаниясы колледж түлектеріне жұмысқа орналасуда қолдау көрсетіп, дуалды оқыту жүйесін тиімді енгізуде. Бұл жастардың кәсіби біліктілігін арттыруға және тұрақты еңбекпен қамтылуына ықпал етуде.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев:
Облыстағы 27 колледж өндіріс орындарымен тікелей байланыста білім беріп жатыр. Биыл мемлекетттік тапсырыс бойынша мыңға жуық студент жұмысшы мамандықтарына оқуға түсті. Осындай кездесулердің арқасында жұмысшы мамандықтарына сұраныс артады, – деп атап өтті.
Кездесу білім беру мекемелері мен өндіріс орындары арасындағы серіктестіктің маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.