Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Жаңаталап тұрғын алабында орналасқан Бадам өзені үстінен өтетін көпірдің құрылысы 1974 жылы салынып, пайдалануға берілген болатын. Алайда осы уақытқа дейін көпірдің құрылымдық бөліктерінде ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
Көпір жобасы 18 метрлік балкалар арқылы салынған және 5 тіректен тұрады. Бұл көпір Жаңаталап тұрғын алабын қаланың орталығымен байланыстыратын негізгі жолдың бойында орналасқан.
Соңғы жылдары Бадам өзеніндегі су деңгейінің 2-3 метрге төмендеуі салдарынан көпірдің 2-тірегінің түбі шайылып, оның іргетасының жер деңгейінен төмен бөлігі (свая) ашылып қалған. Бұл жағдай көпірдің пайдалану мүмкіндігін толығымен шектеп, оны апатты деп тануға негіз болды.
Осыған байланысты көпірде шұғыл түрде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу кезеңінде тұрғындардың қозғалысын қамтамасыз ету үшін уақытша көпір ұйымдастырылды.
Айта кетерлігі, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарының мерзімі 9 ай деп белгіленгенімен, нысанның маңыздылығын ескере отырып, құрылыс жұмыстары 4 ай ішінде аяқталды. Нысан толықтай жөнделіп, қайта пайдалануға берілді.
Жаңартылған көпір жергілікті тұрғындар үшін қауіпсіз және қолайлы қозғалысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.