Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев және оның орынбасарлары жаңа жыл түнінде мереке күндері ерекше жағдайда жұмыс істейтін мекемелерге барып, негізгі жұмыс салаларының мамандарын құттықтады.
Сапар барысында Өскемен қаласының Сол жағалау полиция бөлімі, ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің мамандандырылған жасағы, облыстық Жедел медициналық жәрдем ауруханасы, Ана мен бала орталығы, «УКа ТЭЦ» және «ОЭСК» АҚ Сол жағалау РЭC-і мекемелері араланды.
– Жаңа жыл түні бәрі мерекені тойлап жатқанда, дәрігерлер мен фельдшерлер көмек көрсетуді жалғастырып, адам өмірін құтқарады. Мен бұл жұмысқа 27 жылымды арнадым, осындай түндерге үйреніп кеттім. Әсіресе, бұл түні жарақаттар мен түрлі оқиғалар жиі кездеседі. Ал жедел жәрдем операторлары үшін бұл шексіз қоңыраулар уақыты. Олар оқиға орнына шықпаса да, олардың сабырлы және сенімді дауысы – көмекке алғашқы қадам, – деді Жедел жәрдем қызметінің аға дәрігері Лунара Қарабалина.
Жаңа жыл түнінде облыс бойынша 25 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді. Сондай-ақ, ШҚО ТЖД гарнизоны күшейтілген режимде қызмет етті, оның ішінде 300-ден астам қызметкер кезекшілік атқарды. Облыс орталығында тәртіпті қадағалауға 300-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды.
– Барлық шығысқазақстандықтарға бейбіт және қуанышты мереке тілеймін. Жаңа жыл түні кезекшілікте тұрған әріптестеріме сабырлы жұмыс болуын тілеймін. Сағат 12-де мені құттықтауға жұбайым мен ұлым келді. Мерекені осылайша қызметте қарсы алдық, – деді Сол жағалау полиция бөлімінің басшысының орынбасары Дәурен Балықшынов.
Полицейлер мен ТЖД қызметкерлерін алғашқылардың бірі болып олардың жұбайлары мен балалары құттықтады. Бұл қызметтердің жұмысы әсіресе мереке күндері қиындай түседі. Көптеген тұрғындар мерекені көшеде немесе дастарқан басында қарсы алады. Алайда күтпеген жағдайлар орын алған кезде, көмекке жедел қызметтер келеді. Олар тек адамдардың өмірін ғана емес, қаланың тыныштығы мен тәртібін де сақтап қалады.
Сол жағалау РЭС-інің энергетиктерін ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құттықтады. Ол тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардағы жайлылық – энергетиктердің еңбегі екенін атап өтті. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасарлары, қалалар мен аудандардың әкімдері жаңа жыл түні жұмыс істеген қызметкерлерді құттықтап, олардың кәсібилігі мен еңбегіне алғыс айтты. Бұл қызметкерлердің еңбегі аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше маңызды рөл атқарады.
Ана мен бала орталығының мәліметінше, жаңа жыл түні Шығыс Қазақстан облысында 14 бала дүниеге келді. Олардың 12-сі Өскемен қаласында, қалған 2-еуі Алтай және Риддер аймақтарында туған.