"Заң және тәртіп": құқықтық сауаттылық мәселелері ШҚО-да жастармен талқыланды

Рейтинг
08.01.2025, 19:00
"Заң және тәртіп": құқықтық сауаттылық мәселелері ШҚО-да жастармен талқыланды

Өскемен қаласында «Заң мен тәртіп» тақырыбында құқық қорғау органдарының өкілдері мен өңір жастарының кездесуі өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты, кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі екендігін алға тартты. 

Осы ретте Оралхан Бөкей атындағы кітапханада өткен жиынға Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының аға прокуроры Қайырбек Қайдаров, Өскемен қаласы прокуратурасының аға прокуроры Сергей Упоров және Өскемен қаласы Ертіс полиция бөлімі кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторы, аға лейтенант Балнұр Сайлаубекова қатысып, облыс бойынша қылмыстардың алдын алу шараларының барысы жайлы баяндады. 

Шығыс Қазақстан облысы жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбековтың айтуынша, өңір жастарының құқықтық сауаттылығын арттыру, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру және құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы мұндай шаралар жүйелі түрде өткізіледі.

Кездесу барысында жастар өздерінің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығы жайлы талқылап, жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдеріне толғандырған сұрақтарын қойды.

Шара барысында айтылғандай, жасөспірімдер мен жастардың міндеті – заңға және мектептің, жоғары оқу орнының ішкі ережелеріне бағыну, қоғамдық тәртіпті сақтау, ата-анасын, ұстаздарын және құрдастарын құрметтеу, қоршаған ортаны қорғау. Егер кез-келген азамат міндеттерін орындамаса, бұл тек тәртіпсіздік қана емес, кей жағдайда заң бұзушылыққа да әкелуі мүмкін екендігі айтылды. Сонымен қатар, лудомания, есірткі қылмыстарының алдын алу жайлы сөз болды. 

Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының аға прокуроры Қайырбек Қайдаровтың айтуынша, 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда есірткі қылмыстары төрт пайызға артқан. Өкінішке қарай, есірткі заттарын таратушылар арасында әйелдер мен кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер де бар. Жеңіл ақша табуды көздеп, елге у таратып жүргенін сезінбейтін мұндай жандар түбінде қатаң жазаға тартылып, заң алдында жауап береді.

Жастар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, бүгінде облыс жастарының мойнында 4 миллиард теңгеге жуық несие рәсімделген. Оның ішінде проблемалық несиелер де жоқ емес. Бұл - қаржылық сауаттылықтың аздығынан. Сондықтан Жастар ресурстық орталығы тарапынан банктер мен микроқаржы ұйымдары жастардың атына несие рәсімдемес бұрын оның жасын ескеру, мәселен, тұрақты табысы жоқ, оқу оқып жүрген студентке несие рәсімдемеу жайлы ұсыныстар әзірленген.

Сұхбат

PhotoRoom