ШҚО: Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы нақты қадамдар

Рейтинг
09.01.2025, 09:43
ШҚО: Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы нақты қадамдар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Президент «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында жұмысшы мамандықтарының қоғам үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. 


– Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзінде ғылым, спорт, бизнес, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр. Көбі өндірісте және ауыл шаруашылығында табысты еңбек етеді. Бұл ретте мен осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек, – деді Президент.  
Бұл маңызды бастаманың аясында Шығыс Қазақстан облысында бірқатар шаралар жоспарланып отыр. ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев аталған бағыттағы жұмыстардың негізгі басымдықтарын тілге тиек етті.  

– Өңіріміздегі ірі кәсіпорындармен бірлесе отырып, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазіргі таңда облыстың 38 колледжінде 19 966 студент білім алып жатыр. Оның ішінде 5 мыңға жуық студент оқу орнын аяқтағаннан кейін өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады. Бұл 86,6% көрсеткішін құрайды, – деді Ербол Жолдасбекұлы.
Облыста «Мектеп-Колледж-Кәсіпорын» жүйесі аясында кәсіптік бағдар беру жұмыстары қолға алынған. Бұл жүйе шеңберінде кәсіпорындарда оқушылар үшін шеберлік сыныптары, Ашық есік күндері мен экскурсиялар өткізу жоспарланып отыр.  

– Сонымен қатар, оқушылар арасында кәсіби конкурстар ұйымдастырылып, үздік қатысушыларға кепілдендірілген жұмысқа орналасу мүмкіндігін қарастыратын арнайы сертификаттар беріледі. Бұл сертификаттар конкурссыз, мақсатты мемлекеттік тапсырыс негізінде колледждерге қабылдануға жол ашады, – деп атап өтті Ербол Нұрғалиев.
Бұдан бөлек, өңірдегі 5 колледждің базасында құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Олардың бірі халықаралық аккредитациядан өтсе, тағы бір орталық биыл аккредитациядан өтеді деп жоспарлануда. 

Шалғай ауылдардағы жастар үшін мобильді оқу орталықтары білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Алдағы уақытта «Мектеп-интернат-колледж» кешендерін ашу арқылы колледжі жоқ аудандардың тұрғындарына сапалы білім беру жүйесі құрылмақ.

– Облыста дуалды оқыту жүйесі жақсы жолға қойылған. 27 колледжде және 448 кәсіпорында жүзеге асырылып жатқан бұл жүйе 5 мыңнан астам студентті қамтыды. Бұл олардың тәжірибелік дағдыларын нығайтып, еңбек нарығында сұранысқа ие болуына ықпал етеді, – деп түйіндеді ол. 
2025 жылдан бастап өңірде құрылыс, ауыл шаруашылығы, авиация, энергетика, су көлігі сияқты бағыттар бойынша жаңа жұмысшы мамандықтары ашылмақ. Сонымен қатар «Серпін» жобасы қайта жанданып, студенттерге Шығыста білім алуға мүмкіндік берілмек.

Сұхбат

PhotoRoom