«Екінші Республика»: «TALQYLAU» алаңында мемлекеттік модельдің жаңартылуы талқыланды

Аймақ
15.04.2022, 17:11
«Екінші Республика»: «TALQYLAU» алаңында мемлекеттік модельдің жаңартылуы талқыланды

Елордада «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты жанынан іске қосылған «TALQYLAU» диалог алаңының екінші отырысы өтті. Институттың telegram арнасында дауыс беру қорытындысы бойынша анықталған талқылау тақырыбы Мемлекет басшысы айтқан мемлекетті трансформациялау жөніндегі идеологема – «Екінші Республика» болды.

Әлеуметтік желілерде тікелей эфирде тарату арқылы өткен ашық пікірталас барысында сарапшылар, қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары ел Президенті ұсынған реформаларға қатысты өз пікірлерін ортаға салды.

Отырысқа қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин бұл термин билік институттары арасында неғұрлым тиімді теңгерім жасайтын мемлекеттік басқару моделінің өзгеруін бейнелейтінін атап өтті.

«Жаңа Қазақстан» – бұл маңызды қоғамдық трансформацияны жүзеге асыратын кең ауқымды идеологема болса, «Екінші Республика» – бұл мемлекеттік модельді өзгерту. Яғни, бірінші жағдайда құндылықтар деңгейінде, ал екінші жағдайда – бұл институционалдық, құқықтық деңгейде жүзеге асатын өзгерістер.16 наурыздағы Жолдауда Президент нақты жаңа саяси бастамаларды жария еткенін және оларды жүзеге асыру іс жүзінде басталып кеткенін ескерсек, «Екінші республикаға» көшу жақын арада орын алады деп айтуға болады», – деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік хатшы Президенттің жаңа бастамалары бүкіл саяси жүйені жаңғыртып, қайта бастауды білдіретінін атап өтті. Жаңа заңдар қабылданып, Конституцияға өзгерістер енгізілгеннен кейін іс жүзінде осы жылдың өзінде Қазақстанда мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшу жүзеге асырылады. Ол тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін институционалдық тұрғыдан күшейтіп, жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов елімізде саяси жүйені трансформациялау партияны жаңғыртудан басталғанын атап өтті.

«Заңнаманы либерализациялауды, жаңа партияларды тіркеу ресімдерінің жеңілдетілуін ескерсек, еліміздің партиялық-саяси алаңына жаңа ұйымдардың келетінін түсіну қиын емес. Бұл жағдай – біздің партиямыз үшін өзінің ұзақ мерзімді, жауапты көшбасшылыққа және бәсекелестікке дайын екенін дәлелдеу мүмкіндігі. Осы алаңдағы кездесу «AMANAT» сындарлы диалог аясында Қазақстанды дамыту бойынша нақты идеялар мен ұсыныстар әзірленетін саяси мәдениетті арттыруға барынша ықпал ететінін көрсетеді», – деп атап өтті Асхат Оралов.

Сұхбат

PhotoRoom