Өскеменде Мәдениет және ақпарат министрлігінің геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Мәлікқызының қатысуымен маңызды семинар өтті. Іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік емес ұйым өкілдері, қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен мемлекеттік рәміздердің қолданылуына мониторинг жүргізетін мамандар қатысты.
Семинар барысында мемлекеттік рәміздерді насихаттау ғана емес, оларды қолданудың заңдық талаптары мен стандарттары талқыланды.
– Біздің негізгі мақсатымыз – Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерін заң талаптарына сәйкес қолдану және оларды насихаттау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Семинар аясында мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер, акционерлік қоғамдар, жеке кәсіпкерлер мен аудандық әкімдіктердің жұмысын тексеру, мониторинг жүргізу жоспарланған. Анықталған кемшіліктер бойынша ескерту беріліп, қажет жағдайда Әкімшілік немесе Қылмыстық кодекс аясында жауапқа тарту шаралары қолданылады, – деді Гүлдана Мәлікқызы.
Семинарда айтылған мәліметке сәйкес, 2024 жылы Қылмыстық кодекске мемлекеттік рәміздерді қорлауға қатысты өзгеріс енгізілген. Қазіргі таңда рәміздерді қорлағаны үшін 3 мың АЕК (11 млн теңгеден астам) көлемінде айыппұл салынады. Әкімшілік кодекс бойынша да елеулі айыппұлдар қарастырылған.
Облыс аумағында мемлекеттік рәміздерді қолданатын 835 мекеме бар. Оларда 1700 Ту мен 1461 Елтаңба орналастырылған. Әрбір рәмізге күнделікті тексеру жүргізіліп, олардың жарамдылығы қадағаланады.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Арнагүл Омарбаева болашақта шекара бекеттерінде Ту тұғырларын орнату жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздердің тізілімі жасалып, әкімдік өкілдері рәміздердің жағдайын нақты уақытта бақылай алатын болады.
Қазіргі таңда тұрғындар арасында Туға деген құрметтің артқаны байқалады. Азаматтар үйлерінің балкондарында, көліктерінде Туымызды іліп, өз патриотизмдерін көрсетіп жүр.
Семинарға қатысушылар мемлекеттік рәміздерді күтіп ұстау, қолдану және насихаттау бойынша өзекті сұрақтарды талқылап, тәжірибе алмасты.