2024 жылдың 20 ақпанында қалалық кеңістіктің болашағына арналған халықаралық UK Future Spaces форумы өтті.Форумға қазақстандық бизнес өкілдері мен инвесторлар қатысты.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөзінде: «Алматы облысы өзінің бай мәдени мұрасымен және бірегей табиғи ресурстарымен танымал. Географиялық ерекшеліктері мен ежелгі Жібек жолының бойында орналасуы бұл өңірді инвестициялық тұрғыдан тартымды әрі туристік жағынан сұранысқа ие етеді. Облыс аумағында британдық және бірлескен капиталдың қатысуымен 12 кәсіпорын жұмыс істейді. Өңірдің сыртқы сауда айналымы 3,6 млрд АҚШ долларына жетті, ал экспорт 12,1%-ға өсіп, 819,4 млн долларды құрады.
Алматы облысында 2,5 трлн теңге сомасына 114-тен астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде девелоперлік жобалар, көлік инфрақұрылымы және тұрақты құрылыс саласы бар. Өңірде бір арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және сегіз индустриялық аймақ жұмыс істейді. Инвесторларға келесі мүмкіндіктер ұсынылады:
салықтық жеңілдіктер мен арнайы экономикалық аймақтар;
мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) механизмдері;
жобаларды қолдау және қаржыландыру бағдарламалары.
Ғаламдық үрдістер құрылысқа жаңа тәсілдерді қажет етеді. 2050 жылға қарай әлем халқының 70%-дан астамы қалаларда тұратын болады, бұл сәулетшілер, девелоперлер мен мемлекеттік жоспарлаушыларға үлкен жауапкершілік жүктейді. "Ақылды" қалалар құру, инфрақұрылымды цифрландыру, процестерді автоматтандыру, жасыл сәулет саласын дамыту, көміртегі ізін азайту және жаңартылатын энергия көздерін енгізу маңызды. Бұл бағыттар Алматы облысында, соның ішінде жаңа Алатау қаласында іске асырылмақ.
Әкім форум жаңа идеялар мен табысты жобаларға негіз болатын алаңға айналады деген сенім білдірді. Форум аясында облыс әкімі Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич бастаған британдық делегациямен және бизнес өкілдерімен жеке кездесулер өткізді. Олардың арасында Infrastructure Exports: UK тең төрағасы Стюарт Синиор, Zaha Hadid Architects компаниясының басшысы Патрик Шумахер және Gillespies компаниясының негізін қалаушы Джим Диггл болды.
Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич форумға құрылыс және сәулет саласындағы 25 танымал британдық сәулетші қатысып жатқанын атап өтті. Олардың кейбірі Қазақстанда өз жобаларын жүзеге асыруда.
Британдық сәулетшілер Қазақстанда, соның ішінде Алматы облысында өз жобаларын жүзеге асыруға үлкен қызығушылық танытуда.
Әкім форумның құрылыс және сәулет саласы мамандары үшін маңыздылығын атап өтті. Форумда ұсынылған ақпарат отандық мамандардың білімін кеңейтуге, шығармашылық идеялардың дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, әкім қатысушы компаниялар тек жобаларды ғана емес, материалдар мен компоненттерді жеткізуді, тіпті нысандарды толық іске асыруды ұсынатынын айтты.
Кездесу барысында Алатау қаласында білім беру орталықтары мен ғылыми қалашық салу, сондай-ақ туризмді дамыту перспективалары талқыланды.
Келесі кездесу 40 жылдан астам тәжірибесі бар британдық құрылыс және инфрақұрылым саласының маманы, Gleeds компаниясының тәуелсіз директоры Стюарт Синиормен өтті. Кездесу барысында ынтымақтастық мәселелері мен екі ел мамандарының қатысуымен бірлескен жобалық кеңсе құру мүмкіндігі қарастырылды.
Содан кейін Zaha Hadid Architects әлемге әйгілі сәулет және дизайн студиясының директоры Патрик Шумахермен кездесу өтті. Бұл студияда 500-ден астам кәсіби маман жұмыс істейді. Патрик Шумахер сәулет, урбанистика және дизайн саласындағы жетекші ойшылдардың бірі ретінде танымал. Кездесуде жеке капиталды тарту арқылы бастамашыл жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі талқыланды. Бұл бюджеттік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Соңғы кездесу Gillespies халықаралық консалтингтік компаниясының басқарушы серіктесі Джим Дигглмен өтті. Ол 30 жылдан астам тәжірибесі бар және Еуропа, Таяу Шығыс, Азия мен Африкадағы ірі халықаралық жобаларға қатысқан. Келіссөздер барысында көлденең көгалдандыру мәселелері, сондай-ақ ғимараттарға қойылатын талаптарды жобалау кезеңінде әзірлеу мәселелері талқыланды.
Форум аясында Алатау қаласының әкімі Аркен Өтенов Arup компаниясының жаһандық инфрақұрылым директоры Лорна Боллмен және Arup Türkiye көлік бизнесінің жетекшісі Эмре Шимшекпен кездесті. Олар Ұлыбритания, Дания, Испания, Литва, Грузия, Өзбекстан және Қазақстанда жобалармен жұмыс істеген тәжірибеге ие.
Кездесу барысында өңірде инновациялық сәулет шешімдерін жүзеге асыру және одан әрі ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Айта кету керек, UK Future Spaces форумы қалаларды тұрақты дамытуға және Қазақстанға халықа ралық инвестицияларды тартуға ықпал ететін озық қала құрылысы және сәулет шешімдерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.