АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ХАЛҚЫНА ӨҢІР БАСШЫСЫ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

Рейтинг
05.04.2025, 16:34
АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ХАЛҚЫНА ӨҢІР БАСШЫСЫ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

Абай облысының әкімі Берік Уәли өңір тұрғындарына үндеу жасады. 

Аймақ басшысы өз сөзінде облыстың ұлы тұлғаның атымен аталып, алаш арыстарының ізі қалған тарихы терең, табиғаты көркем өңір екеніне тоқталды. 

- Бұл – біздің ортақ үйіміз. Оны таза, жайлы, көрікті етіп ұстау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Шын мәнінде, біздің аймақ тоғыз жолдың торабында тұр. Ертістің екі жағасын жалғаған жалғыз көпірден екі алып көршімізге қарай көлік ағыны өтеді. Бұл тұрғыдан алғанда Семейіміз аймақтық көлік-логистикалық хабқа айналып келеді. Бұл бізге үлкен мүмкіндік бергенімен, зор жауапкершілік те жүктейді. Шаһарымыздың тазалығы мен аймағымыздың абыройы сыналатын да осы тұс.
Аймақ экономикасы, өнері мен мәдениеті, экологиясы мен тазалығы – баршамызға ортақ, - деді Берік Уәли. 

Ол тазалық жылына бір рет сенбілікке қатысу емес екенін және оны өңірде мәдениет ретінде қалыптастыру қажет екенін алға тартты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл жөнінде «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқаға емес, өзімізге керек», – деп атап өткенін де еске салды. 

- Туған жеріміздің түлегені, тұрған ортамыздың кіршіксіз болғаны, ең алдымен, өзімізге керек. Облысымыздың тазалығы – әкімдік пен коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір азаматтың, әрбір отбасының жауапкершілігі. Бір-бірімізге жанашырлықпен, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарамасақ, күнделікті жүретін көшелерімізді, балаларымыз ойнайтын аулаларымызды сырттан келіп ешкім тазалап бермейді.
Осы мақсатта Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында біз облысымызда жалпыөңірлік сенбілікті бастағалы тұрмыз. Бірақ бұл бір реттік акция емес, жыл бойы жалғасатын жақсы дәстүрге айналуы тиіс, - деді облыс әкімі. 

Бастаманың баянды болуы үшін арнайы байқау жарияланады. 

«Үздік аудан», «үздік ауыл», «үздік аула», «үздік университет», «үздік колледж», «үздік мектеп», «үздік балабақша», «үздік көше», «үздік мекеме» номинациялары бойынша шынайы жанашыр жандар анықталады. 

Берік Уәли жеңімпаздарға қомақты сыйлықтар тағайындалатынын да тілге тиек етті. 

- Туған жеріміздің тазалығы үшін жұмылу әрқайсымыздың перзенттік парызымыз!
Мен осы ретте бизнес өкілдерін, іргелі оқу орындарын, патриот жастар мен еріктілерді, бірлігі жарасқан кәсіпорындар мен ұйымдарды осы игі іске белсенді атсалысуға шақырамын, - деді ол. 

Сондай-ақ облыс атын иеленген ұлы Абайдың биыл 180 жылдығы екенін назарға алып, мерейтойды лайықты деңгейде атап өтуге шақырды. 

- Біз бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай бірігіп, бұл шараны жақсы атқаруға тиіспіз. Бірлік танытатын тұстың бірі – осы сәт, ағайын. Себебі біз еліміздің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарға көркем де, таза қаламызды ұялмай көрсете алуымыз керек. Облыс орталығы ретінде екінші тынысы енді ашыла бастаған қаламыз ешбір шаһардан кем емес. Біз еліміздің мегаполистері Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларынан үлгі алуымыз керек, - деді өңір басшысы. 

Алдағы жоспарлар да айтылды. Мәселен, биылдың өзінде облыста 400 шақырым жол жөнделіп, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 223 шақырым жол қайта жаңғыртылады. 77 мың түп ағаш егіледі. Семей қаласында 22 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр. Оның 11-і сол жағалауда, 11-і оң жағалауда. 8 қоғамдық орын жаңартылады.

Биыл облыс орталығында 210 автобус аялдамасы орнатылады. 60 жаңа автобус аламыз. Қала жолдарын тазалау үшін мердігер компаниялар қазірдің өзінде түрлі типтегі 10 арнайы техника сатып алды. Алдағы уақытта да көше тазалайтын техникаларды алатын боламыз, - деді әкім.

Сонымен қатар биыл Семейдегі 10, аудандардағы 100-ге жуық көшені жарықтандырылмақ. Сондай-ақ Семейдегі жылу жүйелерін жаңғырту мақсатында 6 жоба іске аспақ.

Сөз соңында өңір басшысы Абай облысының әрбір тұрғынын туған жердің тазалығына, көркеюіне бірге үлес қосуға шақырды. 

- Алыптар түлеген киелі топырақтың ажарына әр беру – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз! Баршаңызды жалпыөңірлік сенбілікке белсенді қатысуға шақырамын. Бастаманы барлығыңыз бір адамдай қолдайды деп сенемін. Биыл күзде сіз болып, біз болып тазалық акциясының жеңімпаздарын бірге анықтайық
Ендеше, іске сәт деймін. Бастамамыз берекелі болсын! - деді Берік Уәли.

Сұхбат

PhotoRoom